- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Енді Қазақстанда ең...
Енді Қазақстанда ең төменгі жалақы қалай бекітіледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы" заң жобасын әзірледі. Бұл дегеніміз не? Заң жобасы қабылданғаннан кейін қандай өзгеріс болмақ? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Енді елімізде ең төменгі жалақы халықаралық стандарт бойынша бекітіледі. Бұл заң жобасы соған негізделген. Жоба 8 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болды, енді ол Мәжіліс қарауына ұсынылады.
Сарапшылардың айтуынша, ең төменгі жалақы конвенция бойынша бекітілсе, елімізе ішкі заңға өзгеріс енгізілсе де, ЕТЖ мәселесі өзгеріссіз, яғни ішкі заңға емес, халықаралық стандартқа сүйенеді деген сөз. Басты айырмашылық осы. Одан басқа, ЕТЖ-ны бекіту туралы конвенцияны ратификациялау жұмысшылар құқығын халықаралық деңгейде қорғалуына әсер етеді.
Конвенция және ратификация дегеніміз не?
Конвенция - белгілі бір тақырып аясындағы халықаралық келісім.
131-конвенция немесе Ең төменгі жалақы мөлшері туралы келісім 1970 жылғы 3 маусымда Женевада қабылданған. Бұл конвенцияны Халықаралық еңбек ұйымына мүше 54 мемлекет ратификациялаған, яғни заңды күшіне енгізген.
Бұған байланысты министрлік не дейді?
Еңбек кодексіне сәйкес ЕТЖ - біліктілікті қажет етпейтін қарапайым еңбек жұмыскерге бір айда істеген жұмыы үшін төленетін еңбекақы.
Ең төменгі жалақы мөлшері қалай анықталады?
Үкіметтің қаулысымен ЕТЖ анықтау әдістемесі бекітілген. Әдістемеге сәйкес ЕТЖ мөлшері медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі көрсеткіштерінің өсуін ескеріп айқындалады.
№131 Конвенция талаптарының бірі - экономикалық қызметтің барлық саласына және жұмысшының барлық санатына қолданылатын ЕТЖ анықтау әдістемесінің болуы.
Маманның пікір қандай?
Massaget.kz тілшісі бұл тақырып аясында экономист Айбар Олжаевпен сұхбаттасты. Маманның айтуынша, халықаралық стандарт бекітілген соң аса айырмашылық болмайды, себебі жүйе бұған дейін де халықаралық стандартқа сай жасалған.
"Бұған дейін ең төменгі жалақыны белгілеу жүйесі Ұлттық заңнама аясында жүзеге асырылып келді, еңбек қатынастары бойынша заңмен белгіленетін. Бізде ең төменгі айлық мөлшері деген ұғым болды. Ол жыл сайын нақты айлық есептік көрсеткішке қатысты белгіленіп отырды. Бір жағынан, біздің жүйе халықаралық жүйеге негізделіп жасалған. Жалпы жүйе енгізілгенде де халықаралық тәжірибеге сүйендік. Конвенция - халықаралық құжат. Негізінен бұған бұрын қосылу керек еді. Алайда аса өзгеріс болады деп айта алмаймын. Бұған дейін де ішкі заңнамамыз конвенцияның идеологиясын ұстанатын. Мұнда ұжымдық қатынас, келісімшартты реттеу Жұмыс беруші мен жұмысқа қабылдаушы арасында келісім мәселелері басшылыққа алынады. Конвенция халықаралық міндеттемелерді енгізеді. Сол себепті ішкі заң өзгерсе де, ЕТЖ мәселесінде конвенция баптарына жүгінеміз. Бұл еңбек, адам құқығын қорғауды күшейту десек те болады. Конвенция жағымды не жағымсыз өзгеріс енгізеді деп айта алмаймын, себебі ішкі заңнама конвенция негізінде жұмыс істеп келеді. Бұл дегеніміз - халықаралық еңбек құқығын қорғау бойынша актілерге қосылу және еңбек адамының құқығын қорғау бойынша мемлекет үлкен міндеттеме алып, оны орындауға дайын екенін білдіреді", - дейді Айбар Олжаев.
Маманның айтуынша, конвенция ЕТЖ мөлшерін бекітпейді, оны әр ел өз экономикалық жағдайына қарай белгілейді.
"Конвенция бойынша ең төменгі жалақы осындай мөлшерде болу керек деген қағида жоқ. Әр мемлекет инфляция мен күнкөріс деңгейіне қарап қабылдайды. Ең бастысы, күнкөріс деңгейі адамның жұмыс істеуіне, өмір сүріп, өзін-өзі қамтамасыз етуіне жетуі керек деген жалпылама түсінік бар. Ал конвенцияға қосылған әр ел күнкөріс деңгейін өзі бекітеді. Конвенцияға қосылғаннан кейін жалақы өсіп кетеді деп айта алмаймыз, ол бюджеттің мүмкіндігіне, экономиканың өсуіне, инфляция индексіне байланысты ғой. Басты өзгешілік - өз жұмысымызды халықаралық құқық аясына кіргізу", - дейді маман.
Кейінгі 10 жыл ішінде ЕТЖ қалай өзгерді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі 10 жыл ішінде ЕТЖ статистикасын ұсынды.
- 2014 жылы - 19 996 теңге;
- 2015 жылы - 21 364 теңге;
- 2016 жылы - 22 859 теңге;
- 2017 жылы - 24 459 теңге;
- 2018 жылы - 28 284 теңге;
- 2019 жылы - 42 500 теңге;
- 2020 жылы - 42 500 теңге;
- 2021 жылы - 42 500 теңге;
- 2022 жылы - 60 000 теңге;
- 2023 жылы - 70 000 теңге;
- 2024 жылы - 85 000 теңге.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек