Қажылыққа енді баламен баруға болмайды. Сауд Арабия билігі 15 жасқа толмаған ұл-қыздардың қасиетті Қағбаға келуіне тыйым салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ресми себеп – қауіпсіздік пен денсаулық. Себебі қажылық кезінде миллиондаған адам бір мезетте жиналып, аптап ыстықта ұзақ қашықтықты жаяу жүріп өтеді.
Ал кіші қажылыққа келгенде талап жеңіл. Сауд Арабиясы тарапынан балаларға ұмра жасауға жалпы тыйым салынбаған. Дегенмен, кейбір техникалық талаптар мен қосымша тіркеу рәсімдері болуы мүмкін.
"15 жасқа толған және жоғары азаматтарға қажылық визасын рәсімдеуге рұқсат берді. Осы және де өзге де талап шектеулерді ескеріп отыру керек. Ол бойынша сізді апаруға бекінген компаниямен нақыталап алу қажет. Біз соған қатысты қажетті талаптарды, денсаулық талаптарын барлығын жолдаймыз", - дейді ҚМДБ қажылық бөлім меңгерушісінің орынбасары Сырым Құрмаш.
Биылғы қажылық маусымында Қазақстан бойынша 14 компанияға рұқсат берілген. Бұл тізімді Мүфтияттың ресми сайтынан көруге болады. Биыл Сауд Арабиясы Қазақстанға 4 мың адамға ғана квота бөлген. Сондықтан қажылыққа баруды жоспарлаған азаматтарға ресми операторлар мен уәкілетті органдардан ақпаратты нақтылап алу ұсынылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!