Өзбекстанда жол полицейлерінің сурет-видеоларын интернетке жариялауға тыйым салатын заң қаралып жатыр. Сенаттың қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитеті жол қозғалысы қауіпсіздігін жетілдіру үшін заңнамаға енгізілген түзетулерді талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі podrobno.uz-ға сілтеме жасап.
Бұл заң қабылданса, осы әрекет үшін 17 миллион сум айыппұл салынуы мүмкін немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Бұл норма халық арасында резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кең талқыланды.
Айта кетейік, Өзбекстанда 2022 және 2023 жылдары әлеуметтік желіде өз міндетін атқарып жүрген жол полициясы қызметкерлерінің 250-ден аса сурет-видеосы тараған.
Заңды әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибе зерттелгені айтылды. Бірқатар дамыған елдің заңдары құқық қорғау органдары қызметкерлерін қызметін атқарып жүрген кезде суретке түсіруге немесе сол суретті желіге жариялауға тыйым салады.
"Өзбекстан заңнамасы ішкі істер қызметкерлерін суретке түсіруге тыйым салмайды, тек құқық қорғау органдарының беделін түсіру немесе қорлау мақсатында түсірілген суреттер мен видеоларды таратуға болмайды. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған", - деп жазылған жергілікті басылым мәліметінде.
Комитет мамандар, сарапшылар, жұртшылықпен заң бойынша қосымша талқылаулар өткізуді жоспарлап отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!