- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Енді ЖЭО-лардың қалай...
Енді ЖЭО-лардың қалай жөнделетінін онлайн бақылауға болады
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр биыл желтоқсанда Қазақстанда жылу электр энергетикасының цифрлық платформасы іске қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аталған цифрлық платформа инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.
"2029 жылға қарай Үкіметтің алдында инженерлік инфрақұрылым мен жылу энергия көздерінің тозуын кем дегенде 15 пайызға төмендету міндеті тұр. Биыл "Инвестиция орнына тариф" бағдарламасын басталды. Біздің ойымызша, бұл – ең тиімді бағдарлама.
2023 жылы біз осы салаға шамамен 220 млрд теңге жеке инвестиция тартып, қысқа дайындық барысында 6 мың шақырымға жуық инженерлік инфрақұрылым мен 77 жылу энергия көзін – ЖЭО, ГРЭС және әртүрлі қазандықтарды жөндедік", - деді Роман Скляр Сенаттың жалпы отырысында.
Ол саладағы 200 мыңға жуық жұмысшының жалақысы көтерілгенін жеткізді. Нәтижесінде жылу объектілеріндегі жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік туған.
"Цифрландыру – маңызды аспект. 2023 жылғы желтоқсанда біз жылу электр энергетикасының цифрлық платформасын іске қосамыз. Онда біздің жылу энергия көздеріміздің барлық электронды паспорты имплементацияланады. Бұл режимде инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау мүмкіндігі болады", - деді вице-премьер.
Бұл цифрлық платформасы арқылы Қазақстан азаматтары ЖЭО-лардың қалай жөнделетінін онлайн бақылай алуы мүмкін.
Сонымен қатар, премьер-министрдің бірінші орынбасары жылу энергетикасында басшылардың жауапкершілігі күшейетінін айтты. Заңға тиісті түзетулер енгізілмек.
"Жауапкершілікті күшейтуге келсек, бұл – өте маңызды мәселе. Біз тиісті түзетулер әзірлеп жатырмыз, жақын арада оларды Мәжіліске енгіземіз. Олар табиғи монополиялар субъектісінің, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды орындау және жабдықтарды сапалы жөндеу үшін бірінші басшының жауапкершілігін күшейтуге қатысты болады", - деді Роман Скляр.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz