Даулы жазбаларымен, әндерімен танымал болған түркістандық блогер Мұрат Әбділда мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылы ол әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, таптық алауыздықты қоздырғаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұрат Әбділдә Шымкенттегі 167/3 колониясында жазасын өтеп жатыр. Оның сөзінше, уақытын босқа өткізбейді, шығармашылықпен айналысады, ән айтады және махаббат туралы әндер жазады. Ал сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені екі айдан кейін қарайды.
"Қазір шығармашылықпен айналысып жатырмын. Түрлі іс-шараларда ән айтамын. Шығармашылықты тастаған жоқпын, осы уақыт ішінде 50 ән жаздым, олардың барлығы жеке әндерім, плагиат емес, махаббат туралы әндер. Осы жерден шыққан кезде оларды міндетті түрде орындаймын", - дейді Мұрат Әбділдә.
Ол Желідегі парақшаларын бостандыққа шыққаннан кейін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
"Еркіндікке ештеңе жетпейді. Енді ешқашан балағаттамаймын. Өз кінәмді түсіндім, шынымен кінәлі екенімді түсіндім. Сот шешімін күтемін. Сот пен прокурорлар маған мүмкіндік береді деп үміттенемін. Анама оралғым келеді", - дейді Мұрат Әбділда.
Еске салайық, бұған дейін атышулы блогер Мұрат Әбділда түрмедегі өмірін айтып, алғаш рет сұхбат бергені хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!