- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Енді елімізге педофилдер...
Енді елімізге педофилдер кіре алмайды: заң Мәжіліске қайтарылды
Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Парламентінің Мәжілісі қабылдаған "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда Мәжіліске қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенатор Советбек Медебаев заңды талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында заңды жетілдіруді көздейтін маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты. Оның айтуынша, барлық ұсыныс пен ескерту 11 түзетуден тұрады. Олар мынадай:
- Құқықтық қайшылықты болдырмау үшін Жер кодексіне қоныс аударушыларға конкурстан тыс тәртіппен шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мерзімдеріне қатысты толықтырулар енгізілді;
- Қылмыстық кодекстің 428-1-бабының екінші бөлігі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының, уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмыс жасаған жағдайда 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның балама түрлері алып тасталды;
- Бейнебақылау жүйелерін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылықтың енгізілуіне байланысты Қылмыстық-атқару кодексіне бейнебақылау жүйесі ұғымын енгізу бөлігінде түзетулер енгізілді;
- "Халықтың көші-қоны туралы" заң талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау туралы дербес тараудың енгізілуіне байланысты заңның жекелеген нормалары Кәсіпкерлік кодексінің және "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның нормаларына сәйкес келтірілді.
Сондай-ақ осы заңмен ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған шетелдіктердің Қазақстанға келуiне тыйым салатын негіздер кеңейтіліп отыр. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің нормаларына сәйкес келтіру үшін "Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы" және "Халықтың көші-қоны туралы" заңдарға тиісті толықтырулар енгізілді.
Советбек Медебаев аталған заңда елімізге террористер мен педофилдерді кіргізбеуді көздейтін норма барын атап өтті.
"Қылмыскер, азаматтығын алған елге Қазақстан ратификациялаған, сотталған адамдарды беру туралы халықаралық шарттармен қоса, Қазақстанның Бас прокурорының шет мемлекеттің құзыретті органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара келісім қағидаты негізінде қол жеткізген келісімге сүйеніп, өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетке беріледі", - деді депутат.
Сенатор заң жобасын Мәжіліске қайтаруды ұсынды.
"Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті, "Қазақстан Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңның 29-бабы 7) тармақшасын басшылыққа алып, Сенат отырысының қарауына "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын енгізеді және Қазақстан Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген нормаларын мақұлдамауды және көрсетілген нормалардың жаңа редакциясын ұсынып, заңды Мәжіліс қайтаруды ұсынады", - деді ол.
Дауыс беру нәтижесінде Сенат депутаттары құжатты Парламенттің төменгі палатасына қайтарды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина