Алматыда тұрғылықты жері және уақытша болатын жері бойынша тіркеудің жаңа нормативі бекітілді. Енді бір адамды тіркеу үшін тұрғын үйдің жалпы алаңы кемінде 15 шаршы метр болуы қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл жобаны мәслихат сессиясында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов таныстырды. Депутаттар жобаны қолдады.
Жаңа талап бір мекенжайға шамадан тыс көп адамды тіркеу дерегін азайтып, қаладағы халық саны туралы деректің нақтылығын арттыруға бағытталған.
"15 шаршы метр әр адамға жеке-жеке осындай көлемдегі тұрғын үй берілуге тиіс деген сөз емес. Бұл - тек тіркеу кезінде қолданылатын норматив", - деді басқарма өкілі.
Бұл нормативтің тұрғын үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысы жоқ. Яғни белгіленген шектен асқан жағдайда да жұбайын, балаларын және олардың отбасы мүшелерін, жақын туыстарын, сондай-ақ, асырауындағы, қамқоршылықтағы немесе қорғаншылықтағы адамдарды тіркеуге болады.
"Жаңа норматив тіркеу есебін ретке келтіріп, әр ауданда нақты қанша адам тұратынын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мектептер, емханалар, коммуналдық қызметтер және басқа да қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені жоспарлау үшін маңызды", - деді Бауыржан Жаубасов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова