- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Енді босанғанға дейінгі...
Енді босанғанға дейінгі төлем 1 сағатта беріледі
Қазақстанда босанғанға дейінгі төлем алу мерзімі бір сағатқа дейін қысқарады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, ведомствоның негізгі стратегиялық міндеті - әр кезеңдегі жағдайды талдау, қарапайым адамның не бастан өткеретінін түсіну және барлық қиындықты азаматтар үшін қалыпты, түсінікті және ыңғайлы процеске айналдыру. Мусин бұл жұмысқа фокус-топтар жиналып, мемлекеттік органдар, цифрлық вице-министрлер тартылғанын айтты.
"Баланың дүниеге келуіне қатысты айтайын. Бұл процестің негізгі мәселесі - кеңес алу үшін қайда бару, қалай тіркелу керек екенін білмеу. Бұл - 50 адамнан тұратын фокус-топқа қойылған сұрақтар, оларды жүкті және босанған аналар қояды. Түсініксіз процестер бар, ал анаға керек нәрсе - негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру. Сондықтан қазір туу туралы куәлікті алу және жәрдемақыны автоматтандыру туралы ғана емес, сонымен қатар басқа да процестер барын айтамыз. Мысалы, босанғанға дейінгі төлем алу үшін 15 күн қажет. Оны биыл бір сағатқа дейін қысқартамыз", - деді Бағдат Мусин ведомство отырысында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова