IІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева Қазақстанда отбасының шырқын бұзатындарға жазаны күшейту қарастырылып жатқанын, енді әйеліне қол көтергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағандар 111 және 150 нөмірлеріне хабарласып, тиісті көмекті ала алады.
"2023 жылғы 8 желтоқсанда Президенттің жарлығымен (№409) бекітілген Адам құқығы және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен және және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді", - деді Ақмарал Серікбаева ІІМ-де өткен брифингте.
Аға инспектор енді әйеліне қол көтерген ер адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін жеткізді.
"Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Құқықбұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа "агрессорды" тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Сонымен қатар, оған әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттерін уақытша қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ, сот "агрессордың" Денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы болады. Осыған ұқсас ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді", - деді ол.
Сонымен қатар, Ақмарал Серікбаева енді мұндай істерді арнайы бөлім тергейтінін мәлімдеді.
"ІІМ-де отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылады. Ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреспен айналысады", - деді аға инспектор.
Еске салайық, бұған дейін тұрмыстық зорлық қай баптар бойынша көп жасалып жүргені хабарланды.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз