Енді әйелін соққыға жыққандар жәбірленуші тараптан арыз түспесе де әкімшілік жауапқа тартылады. Оның үстіне, қайта татуласуға мүмкіндік берілмейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, үй ішіндегі зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізеді.
"Қазір жәбірленушілер полицияға өміріне не денсаулығына қауіп төнген кезде ғана жүгінеді. Ал құқық қорғау қызметкерлері оқиға орнына барғанда, ол арыз жазудан бас тартады. Ал енді заңға енгізілетін түзетулер жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен DVR жазбалары жеткілікті. Осыған сай түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - деді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Құқық қорғау органы өкілі былтыр тұрмыстық жанжалға байланысты сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілгенін жеткізді. Оның 20 мыңы қос тарап татуласуына байланысты тоқтатылған. Ал жаңа өзгеріске сай енді ерлі-зайыптыларға мәмілеге келу үшін сотта бір-ақ мүмкіндік беріледі.
Бұл өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Ренат Зұлқайыров биыл отбасында жанжал шығарған 4 мыңнан аса адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Тәртіп бұзғандарға қатысты 17,5 мың әкімшілік хаттама сотқа жолданған.
"Бұл істер бойынша сот шешімімен 4 мыңнан аса адам қамауға алынса, 3 мыңға жуығына ескерту жасалды. 543 адам айыппұл төледі", - деді комитет төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ өкілі әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза қалай өзгеретінін мәлімдегені хабарланған болатын.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!