Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары бірінші оқылымда қаралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айутынша, заң жобасында мынадай нормалар бар:
Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнамаға тыйым салынады.
Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың SMS-терінде да жарнамаға толық тыйым салынады.
Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.
2. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
3. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
4. Ойнау жасына толмаған азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады.
5. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2 мың АЕК (7 млн 384 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге), мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем жойылады. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
7. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.
8. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.
• Сондай-ақ Ұлттық банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.
• Сонымен қатар заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі;
• Ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карталарына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі;
Депутат заңда мемлекеттік қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салатын норма барын атап өтті.
"Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі. Сондай-ақ, заңда өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни eGov.kz мобильді қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайа қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ. Құжат аясында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лоторея қызметі бойынша өзгерістер 11 заңға, 3 кодекске енгізіледі", - деді Елнұр Бейсенбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!