Енді әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматта өткізіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан "Айбын" ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.  

"Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздік пен Егемендік, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқығы мен бостандығы, Қазақстанды Әділ, Құқықтық және Озық мемлекетке айналдыру. Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді "Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы" қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады", - деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай естеқаларлық рәсімдер осы іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады.

"Сонымен қатар, жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді. Сарбаз болу – зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек. Баршамыз бірге күш жұмылдырсақ, ата-аналар әскери саланы таңдаған ұл-қыздарын мақтан тұтатындай жағдайға жететінімізге сенімдімін. Басқаша айтқанда, Отан алдындағы жауапкершілік барлық салада жоғары деңгейде адал еңбек етуден көрінеді. Әскери қызмет те осы санатта. Мемлекеттік рәміздерге құрмет және азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс. Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз