Келесі жылдың басынан бастап медициналық анықтамалардың 8 түрі, оның ішінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама тек электрондық түрде берілетін болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов мәлім етті.
"Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өздерімен бірге қағаз анықтамаларды алып жүру қажеттілігі болмайды, олардың келісімімен электрондық анықтамалар талап бойынша белгілі бір мекемелерге берілетін болады. Осы қызметтерді электрондық форматқа көшіру үшін қазіргі уақытта "Амбулаториялық-емханалық көмек" АЖ арқылы ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Ербол Оспанов.
Келесі медициналық анықтамалар электрондық форматқа көшіріледі:
- Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы
- 075 / е "Медициналық анықтама"
- 026 / е "ДКК қорытындысы"
- 073 / е "ТҚ басқаруға рұқсат туралы анықтама"
- 069 / е "Санаторийлік-курорттық карта"
- 052-2 / е "Баланың денсаулық паспорты"
- 076 / е "Қаруға рұқсат алу"
- 038 / е "Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама".
eGov Mobile мобилді қосымшасында азаматтарға өздерінің жеке медициналық деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін "edensaulyq" бөлімі іске асырылғанын атап өткен жөн.
Бұған дейін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы қағаз түрінде беріліп келген. Науқас адам емханаға барып, дәрігерден тиісті тексеруден өткен соң дәрігер қағаз парақты толтырып, қол қойып, мөр басатын. Бұл құжатты жұмыс берушіге тапсыру қажет болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!