"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қазіргі ахуалы қандай?

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қазіргі ахуалы қандай?

2017 жылы Қазақстандағы жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бағдарламасы іске қосылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағдарламаны әзірлеуге жауапты болып тағайындалған еді. 2021 жылға дейін жоспарланған бағдарламаның 80%-ға жуық бөлігі жүзеге асырылып, орындалды. Аталмыш бағдарламаның қазіргі ахуалы қандай? Қазақстан аймақтарында кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту деңгейі қандай?

Бағдарламаны жүзеге асырып, орындап жатқан жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар «Еңбек» бағдарламасын Қазақстанның әр облысында негізгі индикаторлар бойынша дамытып жатыр. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейін 4,8%-дан асырмау,  жұмыс күшінің құрамындағы негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесін 20 %-дан асырмау, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімін 10 % көрсеткіште сақтау.

Үш жылда бұл бағдарламаның аясында жұмыссыздар саны 11%-ға азайған, дегемен биылғы пандемия салдарынан жұмыссыздық деңгейі 5% өскен. Сондай-ақ кәсіпкерлік жобаларды қолдау бойынша шаралар шағын және орта бизнесті жұмыспен қамтудың өсіміне қосқан үлесі 11% болған.

Аталған индикаторларды сақтап, межеге жетудің негізгі құралдарының бірі – микрокредит беру. Мысалы биылға дейін 19 443,4 млн теңге көлемінде микрокредит берілген. Соның ішінде 29 жасқа дейінгі жастарға 9 660,7 млн теңге сомасында 2 396 микрокредит берілген, ауыл жастарына 8 009,9 млн теңге сомасында 2 220 қарыз үлестірілді. Ал мүгедек азаматтарға 263,3 млн теңгеге 80 микрокредит қарастырылды. Атап өтетін жайт – аймақтарда микрокредиттерді алуға қатысты жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жалпы саны 12 738 жұмыс орны, соның ішінде 11 562-і ауылдық аймақтарда ашылды.

Экономист Айдан Зәйкеновтің айтуынша, микрокредит «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында қосалқы шара болғанымен, халықты жұмыспен қамтуда, кәсіпкерлікті дамытуда үлкен рөл атқарады.

«Жалпы микрокредиттер әлеуметтік топтар мен ауылдық аймақтардың тұрғындарына берілу арқылы жаппай сұраныс пен ұсынысты қатар дамытуға ықпал етеді. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын да ашады», - дейді экономист.

Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі жұмыспен қамту деңгейін көтеріп, жұмыссыздық көрсеткішін түсіру. Бұл бағдарламаның нысаналы индикаторы. Биылғы бірінші жартыжылдықтың есебі бойынша, аталмыш бағдарлама аясында 118,3 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 58,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Дей тұрғанмен бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысқандардың 110,7 мыңы – жұмыссыздар, 0,9 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

«Еңбек» бағдарламасы басталғалы бері 3 жыл 10 айда түрлі санат бойынша, Қазақстанның әр облысынан 2,4 млн адам қатысқан. Соның 1,3 миллионы тұрақты жұмысқа тұрған, 122 мыңнан аса кәсіпкердің бастамалары қолдау тауып, олардың кәсібі қосымша 45 мың жұмыс орнын ашты. Жалақысы мемлекет тарапынан берілген субсидияланған 580 мыңға жуық адам уақытша жұмысқа орналасты.

Сарапшылардың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасына пандемия зардаптары бірінші кезекте әсер етті. Бірақ бұл бағдарлама жұмыссыздық пен кәсіпкерліктегі бұдан да ауыр салдардың алдын алды. Сондықтан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы төтенше жағдай кезінде елдегі жұмыспен қамту, кәсіпкерліктегі оптимизацияның қозғаушы күші болды.

Massaget