Қазақстанда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін киберқауіпсіздікке қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Тиісті өзгерістер Еңбек кодексіне цифрландыру, дербес деректерді қорғау және көлік саласындағы озық технологияларды реттеу туралы заң аясында енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызметкерлерге қандай міндет жүктеледі?
Жаңа нормаларға сәйкес, қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарымен қатар киберқауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті болады.
Бұл жұмыс орнындағы цифрлық жүйелерді, корпоративтік сервистерді және ақпараттық ресурстарды қауіпсіз пайдалану қағидаларын орындауды қамтиды.
Жұмыс берушілер не істеуі керек?
Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздікке қатысты ішкі актілермен таныстырып, олардың орындалуын бақылауы қажет.
Сондай-ақ ұйымдар ішкі құжаттарын жаңа талаптарға сәйкестендіріп, қажет болған жағдайда жаңартып, қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Жаңа талаптарды бұзғандарға айыппұл қарастырылған ба?
Заңда киберқауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін арнайы жаңа айыппұлдар немесе жауапкершіліктің жаңа түрлері енгізілмеген.
Алайда мұндай талаптарды бұзу жағдайлары қолданыстағы заңнама аясында қаралады.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Киберқауіпсіздікке қатысты жаңа нормалар заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша жаңа талаптар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданыла бастайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!