Еңбек кодексіне өзгеріс енгізіледі: қызметкерлерге жаңа міндет жүктеледі

Қазақстанда 25 тамыздан бастап жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін киберқауіпсіздікке қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызметкерлерге қандай міндет жүктеледі?

Жаңа нормаларға сәйкес қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарымен қатар, киберқауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті болады.

Бұл жұмыс орнындағы цифрлық жүйелерді, корпоративтік сервистерді және ақпараттық ресурстарды қауіпсіз пайдалану қағидаларын орындауды қамтиды.

Жұмыс берушілер не істеуі керек?

Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес жұмыс берушілер қызметкерлерді киберқауіпсіздікке қатысты ішкі актілермен таныстырып, олар орындалуын бақылауы қажет.

Сондай-ақ, ұйымдар ішкі құжаттарын жаңа талаптарға сәйкестендіріп, қажет болған жағдайда жаңартып, қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Жаңа талаптарды бұзғандарға айыппұл қарастырылған ба?

Заңда киберқауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін арнайы жаңа айыппұл енгізілмеген. Алайда мұндай талаптарды бұзу қолданыстағы заңнама аясында қаралады.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Киберқауіпсіздікке қатысты жаңа нормалар заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша жаңа талаптар 25 тамыздан бастап қолданыла бастайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!