Кез келген демалыс бір күні аяқталады, осылайша, сіз де жұмысқа оралып, оны әрі қарай жалғастырасыз. Демалыстан кейін жұмысты барынша тиімді әрі психологиялық жай-күйіне нұқсан келтірмей қалай бастау керек? Бұл туралы Алматы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтып берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.
Психологияда "еңбек демалысынан кейінгі синдром" (демалыстан жұмысқа) деген ұғым бар, бұл - жағдай күрт өзгерген кезде адам стресске тап болуы. Салдары жалқаулық, депрессия және басқа да жағымсыз нәрселерге әкеп соғуы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, дұрыс ниет жұмысқа қалыпты оралуға көмектеседі.
"Көбіне демалысқа дайындалып жатқан адам бір апта бұрын жұмыстағы міндеттеріне назар аудармайды, жұмысқа немқұрайды қарайды. Ең алдымен мына мәселені ескеру керегін ұмытып кетеді: билеттерді сатып алмай, брондауды жоспарламас бұрын, оны командамен және жетекшімен келіскен жөн. Күрделі жобалар кезінде немесе сіз секілді қызмет атқаратын әріптесіңіз болмаған кезде демалысқа шығу - жаман идея", - деп санайды Сапар Рахменшеев.
Маман демалыстың түрі адамның темпераментіне байланысты екенін айтады.
"Әрине, түрлі темпераменті бар адамдар бір-бірінен мінезімен, сондай-ақ, қызығушылықтарымен ерекшеленеді. Кейбіреулер шытырман оқиғаға толы болғанын қалайды, ал басқалары тыныш және пассив демалысты таңдауымен ерекшеленеді. Біреу үлкен компанияны, ал біреу жалғыздықты қалайды. Қазір талғамыңыз бен қаржыңызға сай турлар жетерлік", - дейді ол.
Маман денсаулыққа пайдалы демалыс бір айға созылуы керегін атап өтті.
Сапар Рахменшеев жұмыс күндеріне дайындалу туралы бірнеше кеңес айтты.
"Бірінші. Демалыс аяқталған кезде жұмысқа моральдық тұрғыдан бейімделіңіз. Сапарға шығуды жоспарласаңыз, онда жұмысқа барар алдында бір-екі күн бұрын сапардан оралуға тырысыңыз. Бұл уақытты тыныш өткізіңіз, жұмысқа моральдық тұрғыдан бейімделіңіз.
Екінші. Жоспар құрыңыз. Хаос пен дүрбелең болмас үшін жұмыс жоспарын жасаңыз.
Үшінші. Жұмысқа барыңыз. Адамдар бұл ережені біледі, бірақ бәрі бірдей оған мән бермейді. Демалыс кезінде босаңсыған денені бірден іске қосу мүмкін емес. Екі-үш күн жинақталған іске кіру, тапсырма жоспарын жазу және жұмысқа түпкілікті бейімделу үшін жеткілікті", - деді спикер.