"Еңбек" бағдарламасы аясында қосымша 46 мың адам жұмыспен қамтылады

"Еңбек" бағдарламасы аясында қосымша 46 мың адам жұмыспен қамтылады

2020 жылы "Еңбек" бағдарламасы аясында 735 мың адам жұмыспен қамтылып, қосымша қаржы бөлінген жағдайда тағы 46 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Мұны Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

Биыл "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігі, әлеуеті толық пайдаланылады. 2020 жылы аталған бағдарлама аясында 735 мың адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Бағдарламаға республикалық және жергілікті бюджеттен 123 млрд теңге бөлінеді. Мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру үшін қосымша әлеуметтік осал топтарға шағын несие беру мен жеке микробизнесін ашуға арналған грант беру тәртібі мен талабы жеңілдетілді. Бюджеттен қосымша қаржы бөлінген жағдайда "Еңбек" бағдарламасы негізінде тағы 46 мың азаматты жұмысқа тартуға мүмкіндік болады",- деді министр.

Министр сөзінше, жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау және жұмыспен қамтылу деңгейін сақтау үшін жұмысшыларды жұмыстан босатуды жоспарлаған кәсіпорындар, оларды жұмысқа орналастыру шаралары мониторингке алынған.

"Кәсіпорындар мен жұмыскерлердің ағынына қатысты жол карталарын, сонымен қатар жұмыс орындарын сақтау бойынша меморандум жасау жұмысы жалғаса береді. Мемлекеттегі тәуекел режимінде жүрген барлық кәсіпорын, бірінші кезекте жалақы берешегіне жол бермеу мақсатында алдын алу бақылауымен қамтамасыз етілмек", - деді Нұрымбетов.

 
Massaget