Астанада әлеуметтік бейнероликтердің үздік сценарийлеріне арналған Ниет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп жеңімпаздарды құттықтады. Байқауда бас жүлдені алматылық Дмитрий Галабир жеңіп алды. Сондай-ақ 1 миллион теңгенің сыйақысына ие болды. Үздік сценарий желісі бойынша танымал режиссер Ақан Сатаев бейнеролик түсіріп шыққан. Онда кішкентай баланың арман-мақсаты баяндалады. Әйткенмен жұмысбасты ата-анасының баланы киноға апаруға уақыты болмайды. Жеткіншектің тілегін атасы орындап, оған сый жасайды. Бейнероликте басты рөлді сомдаған Шерxан есімді баланы Дәурен Абаев арнайы сыйлықпен марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша екінші орынға Қуаныш Омаров ие болды. Ол сыйға Apple MacBook алды. Ал үшінші орынның иесі - Ринат Тұрғанбеков Canon фотокамерасын ұтып алды. Өзге де үздік сценарий иелеріне арнайы дипломдар мен ынталантыру сыйлықтары берілді. Үздік болып танылған сценарий желісі бойынша түсірілген бейнероликті ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев facebook желісіндегі парақшасында жариялады. - Құрметті достар! НИЕТ байқауының жеңімпазы Дмитрий Галабирдің сценарийі бойынша түсірілген әлеуметтік роликті назарларыңызға ұсынамын!, - деп жазды министр.