- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ең қымбаты балалардікі"....
"Ең қымбаты балалардікі". Неге Қазақстанда аяқкиім қымбат?
Қазақстанда аяқкиім бағасы бір жыл ішінде шамамен 10 пайызға өскен. Сондай-ақ, 2022 жылы өндіріс көлемі төмендеген. Бұл туралы EnergyProm сарапшылары айтты, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, шенеуніктер керісінше, елде аяқкиім өндірісі арта бастағанын айтқан. EnergyProm мәліметінше, ең қымбаты балалар аяқкиімі болған, бірден 14 пайызға өскен. Одан кейін әйелдер аяқкиімі қымбат екен.
Ал аяқкиім компанияларының бірінің директоры мемлекеттен қолдау аз екенін айтады.
"Қазақстанда неге аяқкиім өндіретіндер аз? Мұның бәрі мемлекет қазір жасап жатқан қолдау шараларына байланысты. Түркия немесе Қытайдағы мемлекеттік қолдау шараларымен салыстырғанда, өте төмен", - дейді аяқкиім компаниясының директоры Дәурен Раманқұл.
Отандық нарық импортқа негізделген.
"Тоқыма мен былғарыдан тігеміз. Ол Түркиядан келеді. Қазақстанда үлбірді аламыз. Италиядан желім мен жіп аламыз. Бізде көп нәрсе шетелден келеді", - деді аяқкиім жасаушы Оксана Хушвахтова.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілі биыл Қазақстанда аяқкиім өндірісінің көлемі ұлғайғанын, ол 4 пайыз болғанын айтты. Қалған 96 пайызы шетелден тасымалданады екен.
Аяқкиім кәсіпорындарының көпшілігі шағын және орта бизнеске жатады. Оларға импорттың үлкен көлемімен бәсекелесу қиынға соғады.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанда аяқкиім бағасын ешкім реттемейді, нарыққа сәйкес қойылады. Ал мемлекет отандық өндірушілерді мүмкіндігінше қолдайды.
"Біздің кәсіпорындардың шағын және орта кәсіпорындар екенін ескерсек, олар "Даму" қоры желісі бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алады. Бұл жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиелерге кепілдік беру. Сондай-ақ, өнімнің экспорты кезінде, ішкі нарықта өткізу кезінде, тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік қолдау шаралары бар", - деді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті жеңіл өнеркәсіп басқармасының бас сарапшысы Әлия Бұқабаева.
Қаржы сарапшысының айтуынша, отандық аяқкиім қымбат.
Ж. Қадыржанова"(...) Елде өнім құны сырттан әкелетін өнімнен гөрі қымбат болатын жағдай жасалған. Дәл сол түрік аяқкиімі Қазақстанда шыққан аяқкиімге қарағанда екі есе арзан болады. Бары - осы", - деді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев.