"Ең қымбаты 100 мың теңгеге дейін барады" - жаңа жыл қарсаңында отшашу сатып, табыс тапқан кәсіпкер

"Ең қымбаты 100 мың теңгеге дейін барады" - жаңа жыл қарсаңында отшашу сатып, табыс тапқан кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

Түрлі мереке кезінде маусымдық кәсіп ашып, табыс табатындар бар. Соның ішінде жаңа жылда мерекенің негізгі белгісіне айналған отшашу мен шырша, балаларға арналған сыйлықтар саудасы қыза түседі. Massaget.kz тілшісі асаба Ермек Тұрсынғалиевпен сұхбаттасып, жаңа жыл қарсаңында отшашу саудасы қалай жүргенін сұрады.

"Биыл екінші жыл қатарынан істеп отырмын"

Ермен Тұрсынғалиев отшашу сатқанына биыл екі жыл болғанын айтады. 

"Бұл - жыл сайынғы кішігірім кәсіп. Былтыр екі баламен қосылып, барахолкаға барып, жалпы құны 500 мың теңгеге тауар алып саттық. Ауылдық жерлерге апардық. Өйткені ауылдық жерлердегі жеке үйлерде тұратын тұрғындар көп алады. Себебі жеке меншік үйлерінің алдында атады. Сондықтан Алматы қаласының маңындағы ауылдарда тұратын тұрғындарға саттық. Ол кезде 500 мың теңгеден шамамен 400-450 мың теңгедей табыс көрдік. Арнайы қоймадан көтерме бағамен алдық. Оның үстіне елді мекендерге сатқан себебіміз тұрғындар базардан немесе сауда орталықтарынан отшашулар алса, қымбатырақ болар еді. Біз көтерме бағамен арнайы белгіленген, келісілген жерлерден алып, кейін саттық", - дейді ол.

жеке архивтен

"Халық айыппұл салына ма деп қорықты"

Биыл қазақстандықтар қоғамдық жерлерде, пәтерлердің балкондары мен терезелерінен отшашу атқаны үшін жазалануы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар, көршілердің тыныштығы бұзылғаны үшін де айыппұлдар қарастырылуы мүмкін екені хабарланды. Жаңа жыл қарсаңында отшашу сатқан Ермек Тұрсынғалиев те биыл халық осыдан қорыққанын жеткізді.

"Биыл да былтырғы үрдісті жалғастырдық. Бірақ тәуекелге барып, 1 миллион 200 мың теңгеге тауар алдық. Тек отшашу саттық, сыйлық немесе басқа да жаңажылдық тауарларды сатпадық. Биылғы сауда басында қатты жүрмеді, өте қатты қорықтық. Себебі көп жерде отшашу атуға болмайтыны, тыйым салынғаны, бірнеше айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады. Осындай жаңалықтардан кейін халықтың көбі айыппұл салына ма деп әкімшілік құқықбұзушылықтан қорықты. Сондықтан басында мүлдем отшашу сұраған жоқ. 29, 30, 31 күндері сауда жасадық. 29, 30 күндері отшашудан бар болғаны 3 мың теңге ғана таптық. Әрине, қорқыныш болды. Себебі отшашудың жарамдылық мерзімі - бір жыл немесе екі жыл. Отшашу артылып қалып қойса, келесі жылға жарамсыз деп танылуы мүмкін, тіпті атылмауы да мүмкін. Ақшамыз кетіп жатқаннан кейін қатты қорықтық. Бір жағынан саудамыз жүргенін қаладық", - дейді асаба.

Ол тауарды өткізу үшін маркетинг әдістерін пайдаланғанын, халық мерекені сезінуі үшін тіпті аяз атаның киімін де кигенін айтады.

"31-і күні бардық. Қалай болмасын өткізу керек болды. Маркетинг жағын қолданып, жаңажылдық әуендер қосып, мерекелік көңіл-күйді сезіндіріп, тіпті аяз ата болып киініп тұрып саттық. Одан кейін 4-5 метрлік шырша қойдық. Шыршамен, аяз атамен суретке түскісі келсе, бірінші отшашу алуы керек болды. Тіпті кейбір ата-аналар, ата-әжелер дүкеннен сыйлық алып, одан кейін бізден отшашу алып, аяз ата киімін киіп жүрген менімен видеоға түсетін еді. Яғни видеосәлемдеме жазып беремін. Олар үйіне барып, немересіне көрсетіп, қуантып жүрді. Біздегі ең тиімді тәсілдің бірі осы болды деп ойлаймын. Себебі біз сатып тұрған жерде бәсекелестік өте мықты болды. Бізден бөлек отшашу сататын 5-6 адам тұрды. Әрқайсы 1 миллионнан тауар қойып тұрды десек, оның ішінде іріктеліп-іріктеліп, бір-екі адамның тауары соңына дейін өтуі мүмкін. Біз 1 миллион 200 теңгенің тауарының үстінен шамамен 700-800 мың теңгедей пайда көрдік. Сауда 31-і күні түскі 15.00-ден басталды. Осылай саудамыз жүріп, Алла берекесін беріп, 31-і күні түнгі 23.30-да соңғы отшашуларды сатып, сол жерді жинастырып, үйге қайттық. Үйге 00.00-де үлгерген жоқпыз, жолда кетіп бара жатқан кезде 2024 жылды қарсы алдық", - дейді ол.

жеке архивтен

Асаба одан бөлек қоғамдық жерлерде халыққа жаңажылдық көңіл күй сыйлағанын жеткізді.

"Бұл нәрсемен айналысуда байып кетемін деген мақсат болмады. Тірлік көзін тауып, үйден құр жатқаннан қосымша табыс табу деген мақсат болды. Ал 30-ы күні аяз ата болып Алматы қаласына шықтым. Орталық алаңда, Арбатта сағат 16.00-ге дейін жүрдік. Арнайы сыйлықтарды тегін тараттық. Бұл отшашудан бөлек, өйткені тамада болғаннан кейін әлеуметтік желі үшін, видео үшін бардым. Бұл жерде маған ешқандай табыс келмейді. Жай ғана халықтың қуанышын көру үшін, сол жерге келген балалардың көңіл күйін көтеру үшін ақшақарсыз, өзім ғана аяз атаның киімін киіп жүрдім", - дейді ол.

"Ең қымбаты 100 мың теңгеге дейін барады"

Асаба отшашулардың бағасы қанша теңгеден басталғанын айтты.

"1 миллион 200-ге көп тауар алдық. Жеңіл көліктің жүксалғышына сыймайтын тауар болды. Ол үшін ГАЗель секілді көлік керек болды. Бала кезімізде өзіміз атқан, көп тараған "Золотой песок" деген он рет атылатын отшашудан үш қорап алдық. Бір қорабында 144 данадан бар. Сонда үш қорапта 400 данасы болды. Одан бөлек те отшашу түрлері болды. Ең арзан осы отшашу болды, яғни мың теңге тұрады. Жалпы баға 1000-1500 теңгеден басталды. Ең қымбат отшашулар 94, 76, 64 рет атылатын болды. Олардың көтерме бағасы 40-50 мың теңге болды. Дегенмен бұған дейін айтқан "Золотой песок" сұранысқа ие болмай, ең соңына қарай бір қорап қалып қойды. Оны өз бағасымен саттық, кейде тіпті сыйлық ретінде де беріп жібердік", - дейді ол.

жеке архивтен

Сонымен қатар, ол ең қымбат отшашу қанша теңге болғанын да айтты.

"Ең қымбаты 100 мың теңгеге дейін барады. Ол 96 рет атылатын отшашу болды. Оның көтерме бағасы шамамен 55, 60 мың теңге болды. Сауданың аты сауда, саудаласқаннан кейін 75-80 мың теңгеге өтті. Ал орта бағадағы отшашу 40-50 мың теңге тұрады, ол 64 рет атылады. Яғни бір отшашудан 64 рет атылады. Үлкен қораптың ішінде жібі болады, сол жібін жағу арқылы 94 немесе 74 немесе 64 рет атылады", - дейді ол. 

©️ Tengrinews.kz

Ермек Тұрсынғалиевтің сөзінше, көп сомада сатып алғандар да болған.

"Шамамен 250 мың теңгеге сауда жасағандар болды. Ал ең арзан сауда жасағандар 300 теңгеден басталады. Бұл ақшаға бенгал шамын алды. Бір қызығы, отшашуларды сатып жіберіп, соңында өзімізге алып қалмағанбыз. Үйге барып, жақындарымызбен отшашу атып, жаңа жылды қарсы аламыз деп қарасақ, отшашу қалмапты. Өзіміздің тауарларды аяқтағаннан кейін басқа жерден сатып алдық. Бізде мүлдем тауар қалмады. Былтыр да сондай болған", - дейді ол.

жеке архивтен

Сондай-ақ, ол сауда аяқталғаннан кейін хабарласып отшашу сұрағандар болғанын жеткізді.

"Сұранысқа ие болды. Бұл жерде қатты байып кете алмайсың, тек қосымша табыс болады. Жалпы 18 жасқа дейінгі балаларға сатқан жоқпыз. Жасын сұрап отырдық, кішкентай бала болса, ата-анасымен бірге келуі керек екенін айттық. Ал ересектерге үлкен отшашуды сатқан кезде техникалық қауіпсіздікті түсіндірдік. Қазір отшашу адамдардың үстіне атылғаны, үйлер жанып жатқаны туралы ақпарат көп тарап жатыр. Осы жағдайдың алдын алу үшін ескертіп, қалай дұрыс қою керегін айтып, үш жүз метрге қашып кету керек екенін, қолға ұстап тұрып атуға болмайтынын түсіндірдік. Мұны әрбір сатып алушыға ескертіп отырдық. Былтыр да, биыл да кейін ешқандай оқыс жағдай болған жоқ. Бұл екі жылдық маусымдық сауда болды", - деді ол.

"Аяз ата мен ақша қар арқылы 1 миллион табыс таптым"

Асаба отшашу саудасынан бөлек жаңа жыл мерекесі кезінде тағы қандай кәсіп жүргізгенін айтты.

"Бұдан бөлек аяз ата мен ақшақарды мерекелік кештерге жіберіп отырамын. Олардың 40 минуттық өнер көрсетуі, ән айтып, сыйлық таратуы 100-150 мың теңге аралығында болады. Уақытқа байланысты баға да өзгереді. Ұзақтығы 25 минуттан 40 минутқа дейін созылады. 40 минуты 150 мың теңгеге дейін барады. Балабақшаларда жарты сағат, 20 минут көлемінде балаларды құттықтауы немесе үйлерге баруы 30 мың теңге болды. Өзім 2018 жылы карантиннің алдында аяз ата болдым. 2019 жылы "неге біреулерді шығармасқа?" деп ойладым. Солай басталды. Мерекелік кештер 15 желтоқсаннан басталады. Түскен пайданы аяз ата мен ақшақарға бөлгенде қалатын табыс шамамен 1 миллион теңгедей болды. Оларға 30-40 минут көлемінде өнер көрсеткені үшін 50 мың теңгеден, ал балабақшаларға, үйлерге барғаны үшін 10 мың теңгеден берілді", - дейді ол.

pixabay.com

Оның сөзінше, кез келген маусымдық кәсіпті бастағысы келетін жан алғашқы кезде шығын болатынын естен шығармауы керек.

"Тек қыста осындай отшашу сату арқылы және аяз ата мен ақшақар арқылы ғана қосымша табыс табамын. Ал қалған уақытта өзім асаба болғаннан кейін тойдамын. Қыстық маусымға келген кезде осы үрдіс қайталанады. Дегенмен бәсекелес өте көп. Бірден бастап кетіп ақшаға кенелемін деу - қате түсінік. Тәуекелге барып тұрсаңыз да бірінші жылы шығынға батуыңыз мүмкін. Ал үйрене бастаған кезде табысқа шыға бастайсыз", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова