Білім саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп жүрген маман және ұстаз Аятжан Ахметжан "Kultobe" подкастында еліміздегі жеке мектептер жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұстаз Аятжан Ахметжан жеке мектептердің ашылуы еліміздегі мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуге септігін тигізетінін айтты.
"Жеке мектепті ашу үшін лизенция алу керек. Оның өз талаптары бар. Егер сол талаптар бойынша берілетін болса, мектептің спорт залы, асханасы болады. Алайда кейде мемлекет мектеп жетіспеушілігін шешу үшін кейбір дүниені (мысалы, асхана) жалға алуға рұқсат берген. Бастапқы кезеңде жекеменшік мектептер солай бастауы мүмкін. Жалпы жекеменшік мектептің нарыққа келгеніне өзі 2-3 жыл болды. Ертең бәсеке басталады. Ата-ана таңдай бастайды. Сондықтан жекеменшік мектептер нарыққа бейімделе бастайды.
Ал егер жекеменшік мектептерге "жайлы мектептің" стандартын қоятын болсақ, ол талапты орындай алатын мүмкіндік болмай қалады. Білім саласына инвестиция тарта алмаймыз. Ал "жайлы мектептің" стандартын орындап келетін мектептің бағасын халықтың қалтасы көтермейді. Қазақстанда ең қымбат мектептің бағасы жылына 15 300 000 теңге тұрады. Ол мектептің иесі - үнді, ал директоры - аустралиялық. Егер жекеменшік мектеп ашуға жаңағы "жайлы мектептің" стандартын қойып тастаса, тек осындай қымбат мектептер ашылады және олардың құрылтайшылары шетелдіктер болады", - дейді ол.
Маман мектептердің әртүрлі идеологияны ұстануы дұрыс емес екенін атап өтті.
"Мемлекеттік мектеп болсын, жекеменшік мектеп болсын бағдарламаға да, тәрбие саласына да талап біреу болу керек. Себебі мектеп жекеменшік болуы мүмкін, бірақ ондағы бала жекеменшік емес қой. Бала осы мемлекеттің азаматы. "Сендер жекеменшіксіңдер, бізге қарамайсыңдар ғой" дейтін білім басқармалары да бар", - дейді Аятжан Ахметжан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!