Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектер шпаргалкаларды қалай қолдануға тырысқанын көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, статистика бойынша жыл сайын ҰБТ-дағы ереже бұзушылардың саны азайып келе жатыр. Мәселен, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы - 2522, 2021 жылы - 756, 2022 жылы 327 тыйым салынған зат анықталған. Яғни, көрсеткіш 400 есеге азайған.
"Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деп шпаргалкаларға жүгінетін талапкерлер әлі де бар. Мысалы, ҰБТ-ның 5 аптасы бойынша ең креативтері осы жазбада ұсынып отырмын. Талапкерлердің өкінішіне қарай, біздің қырағы бақылаушыларды алдау мүмкін болмады. Балалардың ерекше шығармашылық жұмыстары бірден анықталды.
Айта кетсем, тестілеу ережелерін бұзу туралы бізге келіп түскен әрбір өтініш қарастырылады. Естеріңізде болса, өткен жылы постмониторинг нәтижесінде 200-ден аса адамның нәтижесін жойдық, оның ішінде 137-і грант иегері болған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табады", - деп жазған ол.
Айта кетейік, 2023 жылғы ҰБТ аяқталуына екі апта қалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!