- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ең көп дауыс...
Ең көп дауыс жинаған петициялар және олар мәселенің шешімі бола алды ма?
Бүгінде кез келген проблема әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, резонанс тудырып жатқан кездер де болады. Кейде ол проблемалар петициялар арқылы шешіліп жатады. Мәселе петиция арқылы шешімін таппай жатқан жағдайлар да бар. Massaget.kz тілшісі петиция құруға арналған сайттағы ең танымал ТОП-5 петицияға шолу жасап, оның немен аяқталғанын анықтады.
Әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты петиция
Онлайн-петиция құруға арналған Alash online сайтында ең танымал петиция - әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-58 жасқа түсіру туралы ұсыныс. Петиция авторы - Зейнеткерлік жасты төмендету үшін әйелдер қозғалысы. Бүгінде петицияға 865 732 адам қол қойған. Оның тек 3969-ы бұл ұсынысқа қарсы шыққан. Петиция 2021 жылы 10 қазанда жарияланған.
Бірақ 865 мыңнан аса адам қол қойған петицияның әсері болмады. Себебі Қазақстанда биыл 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнет жасы 60-тан 60,5 жасқа ұзарды. Бұл туралы "Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңда көрсетілген. Заңның 11-бабында әйелдерге зейнетақы төлемдерін тағайындау 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60,5 жасқа толғанда жүргізіледі деп көрсетілген. 2018 жылдан бастап жыл сайын Қазақстанда зейнетақы жасы кезең-кезеңімен ұзарып келеді. Осылайша, әйелдердің зейнет жасы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 63 жасқа дейін ұлғаяды.
Астана атауын қайтару туралы петиция
Былтыр 11 қаңтарда Данияр Буркутбаев атты автор Астана атауын қайтару туралы петиция жариялаған болатын. Петицияға 229 127 адам қол қойып, оның тек 38-і қарсы шыққан болатын.
"Қоғамдағы көңіл-күйді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінен, ел Үкіметі мен Парламентінен бұрынғы атауын Республикамыздың астанасы - Астана атауын қайтаруды сұраймыз", - делінген петицияда.
Жалпы баршаға мәлім бұған дейін астана атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан болған еді. Былтыр 17 қыркүйекте Президент Тоқаев Астана атауын қайтару туралы қаулы жариялап, 19 қыркүйекте қаулы ресми түрде күшіне енді.
Утильалымды алып тастау туралы петиция
2016 жылы Қазақстанда утильалым белгіленді.
"Утильалым белгіленгеннен кейін Қазақстанда автокөлік орта есеппен екі есе қымбаттап кетті және посткеңестік елдер арасында ең қымбат көліктер бізде. Қазақстандағы автомобиль паркі ескірген, ол экологияны құртып жатыр", - делінген петицияда.
Петиция 2021 жылы жарияланған. 221 967 адам қол қойған, оның тек 111-і қарсы шыққан.
Көптеген талқылаудан кейін былтыр 23 ақпанда утильалым мөлшерлемесі жарияланды. Яғни утильалым толық алынып тасталған жоқ. Шешім қабылданды, автомобиль өнеркәсібін ынталандыру деңгейі автомобиль мен өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының барлық түріне мөлшерлемені 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.
Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгерту
Былтыр 11 сәуірде Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгерту туралы петиция пайда болды.
"Жоқ жерден жау іздегіміз келмейді, бірақ сөзсіз шешілуге тиісті бір мәселе бар. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ұйғыр ауданының атауын Қарадала немесе Шарын деп өзгертуге ұсыныс жасады.
Аудан атауын "Қарадала" немесе "Шарын" деп өзгерту керек. Неге Шарын? Өйткені бұл аймақта Шарын өзені ағып жатыр және Шарын шатқалы орналасқан. Біз, Қазақстан халқы Ұйғыр ауданының атауы Шарын немесе Қарадала ауданы деп өзгертілсін деп талап етеміз!", - делінген петицияда.
Петицияға 220 мыңнан аса адам қол қойғанымен бүгінде аудан атауы өзгерген жоқ.
Бала күтіміне берілетін жәрдемақыны үш жыл бойы беру туралы петиция
Петиция авторы Ямайкин Константин Юрьевич. Ұсыныс Былтыр 18 қаңтарда жасалған.
"ҚР Үкіметі осыған ерекше назар аударса екен! Себебі декрет кезеңі үш жыл болса, бала күтімі 1 жыл деп есептеледі! Бұл әділетсіз!", - дейді петиция авторы.
125 582 адам петицияны қолдап, қол қойған.
Кейіннен 2023 жылдың қаңтарынан бастап төлем бір жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындала бастады.
Еске салайық, енді 50 мыңнан аса қол жинаған петициялар үкіметте қаралуы мүмкін. Сонымен қатар, петицияның дауыс санына қарай ұсыныстар түрлі деңгейде талқылануы мүмкін. Яғни:
- 2,5 мың дауыс жинаған жағдайда - аудан деңгейінде;
- 5 мың дауыс - облыс деңгейінде;
- 50 мың дауыс жиналғандар Үкімет деңгейінде талқылануы мүмкін.
Петициядағы проблема қай министрлікке қарайды, сол органда қарастырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина