Ең жас әкім: Ұлытау облысының жаңа әкімі туралы не белгілі?

Бүгін Ұлытау облысына жаңа әкім тағайындалды. Massaget.kz тілшісі өңірдің жаңа әкіміне қатысты не белгілі екеніне шолу жасады.

Жасы 40-та, заң саласында білім алған

Дастан Рыспеков – 1984 жылы Жезқазған қаласында туған. Жасы 40-та. Осылайша, өңірлер арасында ең жас әкім болып отыр.

Негізгі мамандығы заң саласына қатысты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын бітірген. 

gov.kz

2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте

Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің болжамдау және түсімдер бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. 9 жыл осы департаментте, одан бөлек, тексеру комиссиясында, есеп комитеттерінде қызмет атқарған. 

2018 жылы Павлодар облысындағы жұмысын бастап, 1 жыл көлемінде Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2019 жылы сәуірден бастап "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды. 2020 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігінде де жұмыс істеп, Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болды.

Үкіметтің баспасөз қызметі

2023 жылы 18 тамызда Рыспеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты Туризм индустриясы комитетінің басшысы қызметінен кетіп, артынша Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болды. Бір жылдан кейін шенеунік аймақты өзі басқармақ.

Желі арқылы халықты құттықтап отырады

Әлеуметтік желілерден Facebook және Instagram-да парақшалары бар. Instagram-да 1188 оқырманы, ал Facebook-те 2600 досы бар.

Жаңа әкім мерекелерде халықты желі арқылы құттықтап отыруды ұмытпайды.

Желіде жеке өмірі, отбасы туралы ақпаратты бөліскенді жөн санамайды екен. Дегенмен жұмыстан тыс уақыттағы жеке суреттерін жүктеп тұрады. Мұндай кадрлардың арасында Ақорда аумағында, еркін киіммен велосипедпен серуендеп жүрген суреті бар.

instagram.com/dastan_ryspekov_kz

Айта кетейік, Үкіметтің мәліметінше, әкім лауазымына екі адам – Дастан Рыспеков пен Ұлантай Үсенов үміткер болған. Облыстық мәслихаттың 64 депутатының 49-ы Дастан Рыспековтің кандидатурасын қолдады, 15 депутат Ұлантай Үсеновке дауыс берді.

Еске салайық, бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі қызметінен кеткені хабарланды. Ол бұл қызметке 2022 жылғы 11 маусымнан бастап тағайындалған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!