Ең жақсы өмір мектебі - волонтерлік мектеп

Ең жақсы өмір мектебі - волонтерлік мектеп

Кәсіби мамандардың өз қызметін тегін ұсынатын ProBono жобасының мәні уақыт өткен сайын артып келеді. Жобаның негізгі мақсаты мәселесі бар жандарға көмек қолын созу. Осы тұста, кәсіби мамандардан бір елі қалмай жүрген жас волонтерлар да өз жетекшілерінің жақсы қасиеттерін бойларына сіңіруде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

ProBono жобасының жемісті жұмысы жайлы Қарағандылық жас ғалым Асылан Аманкелдіұлы бөлісті. Ол "Жастар үні" қоғамдық ұйымының төрағасы, саясаттану бағытындағы магистрант. Аслан өз волонтерлік жолын 8 жыл бұрын жастар мәслихатына кіргеннен бастаған. Бұл шешім оның бүгінге дейін өмірлік миссиясын анықтап берген екен.

"Волонтерлық жолымның алғашқы аялдамасында мен түрлі кездесулер, іс-шараларлардың, түрлі әлеуметтік жобалардың ұйымдастырылуына белсене қатыстым. Уақыт өте, мені де жұрт танып, түрлі шараларға спикер ретінде шақыратын болды. Жас волотерлерге жол нұсқайтын кезеңге өттім. Десе де, бәрін осымен тоқтатудың орнына азаматтық секторлардағы ұйымдарға жәрдемдесуге ұмтылдым", - дейді Асылан Аманкелдіұлы.

Асылан осы бағыттағы ауыз толтырып айтар сәтті жобаларымен де бөлісті. Ол өз өңірінде кәмелеттік жасқа толмағандар үшін тегін қоғамдық көлік ұйымдастырып берген екен.

"Қарағандыда Бала құқықтары жөніндегі орган маманымен бірлесіп, кәмелетке жасқа келмеген 100 мыңнан астам балаға қоғамдық көлікте тегін қатынайтын мүмкіндік жасадық. Бұл мен үшін жеңіс болды", - дейді Асылан Аманкелдіұлы

Аслан ProBono жобасының әлеуетті жоғары екенін айтты. Оның сөзінше бұл бастаманың жарқын мысалдары да бар. Соның бірі Абдрешева Тілеужан.

"Осыдан 5 жыл бұрын волентерлар ұйымы "VolteQ" мені тренинг жасауға шақырды. Сол кезде ұйым қайрымдылық жобаны жүргізіп жатқан еді. Мен жас волонтерлерге "жұмсақ дағдылар" бойынша лекция өттім. Лекция нәтижелі бола білді. Оған бір мысал, сол кезде жаңадан волонтер болып келген Абдрешева Тілеужан лекциямнан кейін осы бағытқа бет алып, 2022 жылы сол ұйымға төрағалық еткендігі", - дейді Асылан Аманкелдіұлы

Аслан Аманкелдіұлы алдағы уақытта осы жобаны әрмен қарай дамытып, мықты тұлғаларды тәрбиелеуге күш салсам дейді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Н. Ынтымақұлы