“Ең аз жалақыны пошташылар алады“. “Қазпошта“ басшысы жағдайды қалай түсіндірді?

“Ең аз жалақыны пошташылар алады“. “Қазпошта“ басшысы жағдайды қалай түсіндірді?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев "Қазпошта" АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасовадан пошта қызметкерлерінің жалақысы қалай өзгеретінін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сауалы

"Заң қабылданғаннан кейін қарапайым пошта тасушылардың материалдық жағдайы жақсарып, айлықтары көтеріле ме? Ауылдық жерлерде пошташылар жиі ауысады, өйткені айлықтары ең төмен. Мүмкін, сіздерде, жоғары жақта айлық та жоғары шығар. Ауылдағы, аудандағы пошташылар ең төмен айлық алады. Ақыры заң қабылдап, поштаның абыройын арттырамыз десек, осы жаққа қатты қарау керек деп ойлаймын", - деді ол.

"Қазпошта" өкілінің жауабы

"Қазпошта" АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова депутаттың сауалына жауап берді.

"Шыны керек, ауылдық жерлерде операторларымыз, пошташыларымыз аз жалақы алады. Неге десеңіз, сәлемдемелердің, хаттардың, газеттердің аз келуіне байланысты. 0,2; 0,5; 0,7 мөлшерлеме бойынша жұмыс істейді. Ол ауылдың адамдарына байланысты. 2023 жылы 25 пайызға жалақыны көтердік, биыл 15 пайызға көтердік. Барлық қызметкерге жылына үш рет сыйақы төлейміз. Оның бәрі қаражатқа кеп тіреледі", - деді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова