Ең арзаны Мысырда, ең қымбаты Гонконгта: бензин бағасы бойынша Қазақстан қай орында?

Ең арзаны Мысырда, ең қымбаты Гонконгта: бензин бағасы бойынша Қазақстан қай орында?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстан әлем бойынша бензин қолжетімді елдер қатарында 5-орында тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі energyprom.kz деректеріне сілтеме жасап.

Алайда ел ішінде баға 13 пайызға өскен. Биыл қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,4 миллион тонна бензин өндірілді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.

Өңірлер арасында ең көп бензин Шымкенттен шықты: жылына 1,3 миллион тонна. Көшбасшы өңірлер үштігіне Атырау (1,2 миллион тонна) және Павлодар (980,4 мың тонна) облыстары да кірді. 2022 жылы бензин өндірісі 5 миллион тонна болған еді.

Биыл қыркүйекте бензин бағасы жылдық қарқынмен 13,4 пайызға өсті. Оның ішінде АИ-98 11,7 пайызға, АИ-92 12,8 пайызға, АИ-95/АИ-96 16,8 пайызға өсті.

АИ-92 бензинінің орташа бағасы - 203 теңге, АИ-95/АИ-96 249 теңге, АИ-98 261 теңге.

Өңірлер арасында Алматыда бензин бағасы қатты өсті. Антилидерлер үштігіне Алматы және Қарағанды облыстары да кірді.

13 қазандағы жағдай бойынша әлемдегі ең арзан бензинді Мысырдан сатып алуға болады, онда 1 литрдің бағасы - 0,32 доллар. Одан кейін Алжир (0,32 доллар) және Кувейт (0,34 доллар) тұр.

Қазақстан арзан бензин бойынша бесінші орында. Елімізде бензин бағасы 0,46 АҚШ доллары болады. Жетінші орында Ресей тұр, онда 1 лиртдің құны - 0,53 АҚШ доллары.

Ең қымбат бензин Гонконг (2,88 АҚШ доллары), Финляндия (2,23 АҚШ доллары) және Грекияда (2,14 АҚШ доллары).

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget