"Ең алғашқы видеоролигім 9 миллион қаралым жинады". Жамбылдық ұстаз оқушыларды қуантып отыр

Жастар Instagram, TikTok-қа ән айтып, би билеген видеоларды жүктесе, жамбылдық жас мұғалім Бекнұр Наметілдә қызық сабақтардан видео дайындап, оқушылардың жүрегіне жол тауып отыр. Massaget.kz тілшісі әлеуметтік желіде танымал педагогпен әңгімелесіп көрді.

"Ойын-сауық бейнероликтердің қаралымы бастапқыда аз болғанымен, кейін оқушылардың назарын аударып алдым. Роликтер мектепке қажет, пайдалы дүниемен ұштасып жатса, оның несі айып", - дейді Бекнұр Наметілдә.

Жас маман жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолын 2021 жылы Жамбыл ауданы №6 мектеп-гимназиясында биология пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ауыл мұғалімінің сабақтардан ролик түсіру туралы идеясы "Қазақстан мұғадімдері" байқауына қатысқаннан кейін туындағанын айтады.

 TikTok әлеуметтік желісін былтыр қазаннан бастап қолдануды үйрендім. "Қазақстан мұғалімдері" байқауында платформада #ҚазақстанМұғалімдері, #УчителяКазахстана хэштегі арқылы өз пәні туралы шығармашылық және танымдық бейнероликтер жарияладық. Байқауда жүлдегер атанбасам да, ең алғашқы салған видеоролигім 9 миллион қаралым жинады", - деп түсіндірді.

Жаңашыл ұстаздың түсірген видеоларының бірінде сыныбымен бірге ән шырқайды. Сабаққа келген оқушыларын тосынсын жасап, күтіп алған видеороликтерінің де қаралымы жоғары.

Жаңашыл ұстаздың видеоларын 40 мыңнан аса оқырман тамашалап, қызығушылық танытып жүр.

"Балалар биология пәнін оңай меңгеріп алғанын қалаймын. Сабақты еркін форматта өткізетінім де сондықтан. Оқушылармен еркін әңгімелесемін. TikTok-ты қызықтайтын оқушыларды қызықтыру қиын. Осындай қадамға барғаным да сондықтан", - дейді жас мұғалім.

Tikтok-пен терең білім беремін деу қате, әрине. Оған  платформадағы уақыт жетпейді. Бірақ педагогтың айтуынша, биологияны үйренуге, білуге талпындыруға қысқа роликтердің өзі жеткілікті көрінеді.

"Менің оқырмандарым, тек оқушылар ғана емес. Олардың арасында оқушыларым, басшыларым, әріптестерім, ата-аналар да жүктеген өнімдерді көріп, пікір білдіріп тұрады. "Сабақтағы әдіс-тәсіліңізді қолданып көрдім, тиімді екен" деген мұғалімдер де болды", -деді Бекнұр Нәметілдә.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!