ҚБФ президенті Кеңес Рақышев әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың финалдық кездесуіндегі төрешілер шешіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, финалдық кездесуде төрешілер әділетсіз шешім қабылдады.
"Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді... Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға "қызыл кілем" төселді...", - деді Кеңес Рақышев.
Сондай-ақ, өз тарапынан Асланбек Шымбергеновке қолдау білдіретінін атап өтті.
"ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін, және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын!", - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық құрама капитаны Асланбек финалға шыққаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұшақта неге телефонды өшіріп қою керек?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!