12 қыркүйектен бастап Қазақстанда емханаға тіркелу ережелері өзгереді. Енді басқа медициналық ұйымды жылдың кез келген уақытында таңдауға болады. Алайда емхананы жылына бір реттен жиі ауыстыруға рұқсат жоқ. Балаларға, жүкті әйелдерге, жас аналар мен студенттерге қатысты бөлек талаптар қарастырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Емханаға тіркелу науқаны тоқтатылды - енді емхананы қалай таңдауға болады?
"Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы" құжат 12 қыркүйекте күшіне енді.
Емханаға тіркелуге қатысты негізгі өзгерістер жөніндегі сауалдарымызға Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанындағы МСАК республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нұргүл Аждарова жауап берді.
Маманның айтуынша, енді басқа емхананы таңдап, оған жылдың кез келген уақытында тіркелуге болады. Бірақ еркін таңдау құқығын пайдаланып, емхананы жылына бір рет қана ауыстыруға рұқсат етіледі.
Қандай жағдайда емхананы бір жыл өтпей қайта ауыстыруға болады? Егер емхана жабылса немесе адам басқа ауданға не қалаға көшсе, тіркелген медициналық ұйымын қайта өзгертуге мүмкіндік беріледі.
"Бұған дейін емхананы еркін таңдау науқаны екі айға - 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығына созылатын. Алайда жаңа емханада науқасқа қызмет көрсету келесі жылдың 1 қаңтарынан ғана басталатын. Енді бұл тәртіп жойылды. Мысалы, 15 қыркүйекте жаңа емханаға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келсе, 16 қыркүйектен бастап-ақ жаңа учаскелік дәрігеріңіздің қабылдауына жазыла аласыз", - дейді сарапшы.
Құжатта азаматтардың емханаға тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тіркеле алатыны көрсетілген. Сонымен қатар, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы еркін таңдау құқығы сақталады. Қарапайым тілмен айтқанда, адам өзі тіркелген аудан аумағындағы емханалардың бірін таңдай алады.
Туғаннан 17 жасқа дейінгі балалар қалай тіркеледі
Балаларға қатысты тәртіп өзгеше: енді олар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуде бар-жоғына қарамастан, нақты тұрып жатқан жері бойынша емханаға тіркеледі. Бұған дейін баланың ресми тіркелген мекенжайы негізге алынатын.
Яғни бала тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмаса, оны өзі нақты тұратын аудандағы емханаға тіркеуге болады, деп түсіндірді Аждарова.
Бала мен ата-анасы түрлі емханаға тіркелген болса не істеу керек?
Бұйрықта былай делінген: егер кәмелетке толмаған бала мен оның ата-анасының (немесе қамқоршыларының) тіркелген жері сәйкес келмесе, емхана таңдау кезінде балаға қызмет көрсетілетін медициналық ұйымға басымдық беріледі.
"Осылайша біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің отбасылық қағидатын қамтамасыз етеміз. Дегенмен біз ата-аналар мен балалардың бір емханада қызмет алуы үшін ортақ емхана таңдауды ұсынамыз", - деді Нұргүл Аждарова.
Олар түрлі емханада тіркелген болса не істеу керек? Мысалы, бала бір медициналық ұйымдағы педиатриялық учаскеге, ал ата-анасы басқа жердегі жалпы практикалық дәрігерге тіркелген болса.
"Егер бұл ата-аналарға ыңғайлы болса, бәрін сол күйінде қалдыруға болады - бір отбасы мүшелерінің бөлек тіркелуіне тыйым салынбаған. Біз бір ұйымда қызмет алуды ұсынамыз, бірақ түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін түсінеміз", - деп нақтылады Нұргүл Аждарова.
Жүкті әйелдер мен жас аналар қалай тіркеледі?
Жүкті әйелдер мен жақында ғана босанғандар, 18 жасқа дейінгі балалар сияқты, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің бар-жоғына қарамастан, нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркеле алады
Нұргүл Аждарова бұл түзетудің жүкті әйел бір мекенжайда тіркеліп, бірақ басқа жерде тұратын жағдайларға байланысты енгізілгенін түсіндірді.
"Облыстан келген әйел босанар алдында қаладағы туыстарына келіп, бірнеше ай сонда тұрады. Осы кезеңде ол нақты жүрген жері бойынша емханаға тіркеле алады - бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Жүкті әйел немесе жас ана мен оның баласы әрдайым медицина қызметкерлерінің бақылауында болуға тиіс, сондықтан біз осындай түзету енгіздік", - деп түсіндірді маман.
Студенттер қалай тіркеледі?
Колледж бен жоғары оқу орны студенттерінің емхана таңдау ережелерінде де маңызды жаңалықтар бар.
Студент өз туған қаласындағы оқу орнына түсуі мүмкін. Бірақ бұрын олар үшін студенттік емхана белгіленетін, ол жігіт немесе бойжеткеннің тұрғылықты жерінен алыс болуы мүмкін еді. Бірақ олар сонда баруға мәжбүр болатын.
"Қазір студент үйіне жақын орналасқан емхананы, тіркелген мекенжайы бойынша таңдай алады. Ал егер ол басқа жақтан келген болса, онда денсаулық сақтау басқармасы белгілеген "студенттік емханаға" тіркеледі - бұл жағдайда бұрынғы қағида сақталады", - деп нақтылады Аждарова.
Емхананы нақты қай жерден таңдауға болады?
Өздеріңізге мәлім, біздің қалаларымыз аудандарға бөлінген, ал сол аумақтағы үйлер белгілі бір емхананың учаскелеріне бекітілген. Жақын маңда бір емес, бірнеше емхана болуы мүмкін. Алайда адамның өз үйі аумақтық тұрғыдан жатқан емханада емес, басқа жерде емделгісі келуі де ғажап емес.
"Ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін кез келген емхананы таңдай алады, бірақ тек өзінің әкімшілік-аумақтық бірлігі, яғни өз ауданы шегінде ғана", - деп нақтылады спикер.
Егер адам өз учаскесіндегі емес, басқа емхананы таңдаса, дәрігер үйге шақыртумен келе ме?
Аждарованың айтуынша, емделуші өз учаскесіндегі емханаға бекітілді ме, әлде басқасын таңдады ма, соған қарамастан оған үйінде қызмет көрсетілуге тиіс.
Біз басты қағиданы атап өттік: медициналық ұйым емделуші тұратын ауданда орналасуы керек.
Сонымен қатар, ол алғашқы көмек көрсету ережелерінде учаскелік дәрігердің үйге келуіне негіз болатын нақты көрсеткіштер бар екенін еске салды:
- бұл - емхана регистратурасында шақыртуды қабылдау кезінде үй жағдайында дәрігердің тексеруін қажет ететін жағдайлар, мысалы, жоғары температура;
- вакцинациядан кейін денсаулық жағдайының нашарлауы.
"Бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдер мен босанған аналарға денсаулығы нашарлаған кез келген жағдайда үйінде қызмет көрсетіледі, ал 65 жастан асқан адамдарға - тек қозғалысы шектелген жағдайда ғана", - деп ескертті спикер.
Емханаға тіркелу қай кезде уақытша тоқтатылады?
Белсенділігі жоқ тіркелу - бұл жаңа ұғым, бұрын заңда мұндай түсінік болмаған. Және бұл ең алдымен емделушілерге емес, емханаларға әсер етеді.
Мәселе мынада: медициналық ұйым әрбір бекітілген адам үшін (оның көмекке қаншалық жиі жүгінетініне немесе мүлдем жүгінбейтініне қарамастан) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан "жан басына шаққандағы" норматив бойынша ай сайын әр адамға екі мың теңгеге жуық қаражат алады.
Нұргүл Аждарова былай дейді:
"Егер бекітілу мәртебесі белсенді болмаса, емханаға бұл қаражатты аудару тоқтатылады".
Егер мына үш тармақ бір мезгілде орындалса, бекітілу белсенді емес деп есептеледі:
- емделушінің Қазақстан аумағында тіркеуі жоқ;
- оның жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатының қолданылу мерзімі өткен;
- ол үш жыл және одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбеген.
Адам құжаттарына қатысты мәселелерді шешкен бойда тіркелу мәртебесі қайтадан белсенді болады.
Қайталап айтамыз: үш тармақ бір уақытта сәйкес келуі керек. Егер адам өз емханасына үш жыл бойы бармаса, бірақ оның тіркеуі мен жарамды куәлігі болса, оның бекітілуі белсенді болып қала береді.
Бұл - 12 қыркүйектен бастап күшіне енген емханаларға бекітілу ережелеріндегі негізгі жаңалықтар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz