“Емханаданбыз“. Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болды

“Емханаданбыз“. Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болды
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе қаласында 70 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының арбауына түсіп, 750 мың теңгесінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша белгісіз адамдар әйелге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар медициналық қызметті әрі қарай пайдалану үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, жәбірленушінің телефонына келген SMS хабарламадағы растау кодын сұратқан.

Біраз уақыттан кейін зейнеткерге өздерін eGov порталының және банк қызметкерлерінің өкілдері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар алаяқтар әйелдің банк шоттарына қол жеткізуге әрекет етіп жатқанын айтып, қаражатын "қауіпсіз сақтау" үшін өздерінің нұсқауын орындауға көндірген. Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер олардың барлық талабын орындап, 750 мың теңге көлеміндегі ақшасынан айырылған.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget