Емі жоқ індет: аурудың алдын алу үшін вакцинация жүргізу керек

Емі жоқ індет: аурудың алдын алу үшін вакцинация жүргізу керек

Қойда - топалаң, жылқыда - жамандат, ірі қарада - қараталақ, түйеде - ақшелек, қарабез. Төрт түлік малдың арасында кездесетін маусымдық індет - сібір жарасы қуаңшылық жылдарында маусым-қыркүйек айларында жиі таралады екен. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе, сондай-ақ, жабайы шөпқоректілер шалдығады.

"Massaget.kz" тілшісі Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Талғатбек Алтынбектен емі жоқ індеттің алдын алу шаралары туралы сұрап-білді.

 "Індетке қарсы ем жоқ. Қолдан келері - төрт түлікке сібір жарасы ауруына қарсы егу жұмыстарын уақытылы жүргізу. Сонымен қатар, ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға вакцина салу қажет", - деді ветеринар маман.

Аурудың негізгі белгілері мал жиі тісін қышырлата беруі екен. Аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады және қаны ұйымайды.

"Ауру қоздырғыштары әртүрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді. Топыраққа түскеннен кейін күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмейді. Қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді", - деп түсіндірді ветеринар.

Айта кету керек, Жамбыл облысында әр жылдары тіркелген 189 сібір жарасы ауруының ошақтары бар. Жалпы, бұл өңір сібір жарасы ауруынан қолайсыз аймақ саналады.

 

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы