- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Емі жоқ". Кенеден...
"Емі жоқ". Кенеден адамға қандай аурулар жұғуы мүмкін?
Кенелер маусымы бұл жәндіктер қысқы ұйқыдан оянғанда басталады. Әдетте бұл ауа температурасы +5 °C-қа жеткенде және қар ери бастаған кез. Кенелер әдетте сәуір айының соңы мен маусым айының басына дейін тәулік бойы белсенді болады. Ал шілдеден бастап күзге дейін тек таңертең және кешке белсенді болады. Кененің шағуы тек қызартып қана қоймай, қауіпті аурулар туындатуы мүмкін. Ендеше, кенелер қандай қауіпті ауруларды жұқтыруы мүмкін?
Кенелер арқылы бөртпе сүзек, қайтпалы сүзек, туляремия, эрлихиоз, бабезиоз, Марсель безгегі және т.б аурулар жұғуы мүмкін. Олардың ішінде ең қауіптілері - кене энцефалиті мен Лайм ауруы.
Кене энцефалиті
Кене энцефалиті - өлім-жітім деңгейі 25%-ды құрайтын өте қауіпті инфекция. Энцефалит оны жұқтырған кененің сілекейі арқылы ол тістегеннен кейін бірнеше минут ішінде беріледі. Тіпті кенені ерте алып тастау инфекцияның алдын алмауы мүмкін. Инкубациялық кезең 4-28 күнді құрайды. Инфекция екі фазада жүреді: алдымен қалтырау, әлсіздік, бас ауруы және буындардағы ауырсыну басым болады, содан кейін неврологиялық асқынулар пайда болады. Шағымдар: басты қозғалтқанда бас ауыруының күшеюі, бас айналу, жүрек айну, құсу, көздің ауыруы, жарыққа сезімталдық, әлсіздік, тежелу, сананың бұзылуы, құрысу. Кене энцефалитін емдеу мүмкін емес, тек ауруханада симптоматикалық терапия жасалады. Одан вакцина алуға болады.
Лайм ауруы
Лайм ауруы немесе боррелиоз Borrelia burgdorferi бактерияларынан туындайды және ол оны жұқтырған кененің шағуы арқылы адамға беріледі. Лайм ауруының белгілері жеңілден ауырға дейін болуы мүмкін: терідегі бөртпелер (көбінесе дөңгелек бөртпе түрінде), шаршау, бас ауруы, бұлшықет және буын аурулары, қалтырау, шаншу және ұйқышылдық. Боррелиозға қарсы вакцина жоқ, бірақ емдеу үшін антибиотиктер тағайындалуы мүмкін. Дәрігердің нұсқауынсыз антибиотиктер ішпеңіз.
Кенені қалай дұрыс алу керек?
Кенені бүтіндей және тірі күйінде алып шыққан дұрыс. Оның адаммен байланысы қаншалықты ұзақ болса, зақымдалу қаупі соншалықты жоғары болмақ. Жақын арада медициналық мекеме болса, оны бірден дәрігерге алдыртқан жөн. Егер қала сыртында болсаңыз, кенені пинцетпен қысып, айналдыра бұрап, жайлап алу керек. Қарапайым жіп қолдануға да болады. Жіппен кенені орап, жіпті айналдыра отырып, жайлап тартып аласыз. Алайда өздігінен алу кезінде кене басының денеде қалып қою қаупі бар. Сондықтан бірден дәрігерге апарған дұрыс.
Кенеге май, спирт, антисептик құюға болмайды. Кенені инфекцияға тексеру қажет болады. Ал бұл нәрселер оны жарамсыз етіп тастайды. Кенені лақтырып тастауға да болмайды. Оны міндетті түрде анализ алатын жерге тапсыру керек. Егер кенеде инфекция бар болып шықса, кене шаққан адамды бірден дәрігерге қаратып, қажет ем алу керек.
Кенелерден қалай қорғану керек?
Биологиялық белсенді қосымшалар (БАД), тамақтану өнімдері, масадан қорғайтын спрейлер кене инфекциясынан қорғамайды. Кене инфекциясының алдын алу жолдары - одан вакцина алу және барынша жабық киім мен бас киім кию, кенеге қарсы репелленттер (үркіткіш) қолдану және табиғатқа шыққаннан кейін жиі қаралу.
А. Жапатова