Қазақстанда Елтаңбаны өзгерту жайлы ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысқа қатысты қоғамның ойы екіге жарылып отыр. Massaget.kz тілшісі сарапшылардың пікірін білді.
Геральдист-сарапшы Асылбек Баяжұма елтаңбаны өзгерту мәселесі бұрын да көтерілгенін айтады.
"Елтаңбаны өзгерту жайлы мәселе 1-2 жыл бұрын көтерілген. Ол кезде де Елтаңбаны өзгеруге қатысты ұсыныстар айтылып жүрді. Менің білуімше, (автор – нақты ақпарат емес) бұл Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив істері комитетінде азаматтардың бастамасы. Мен бірнеше үлкен конференцияларда елтаңбаны өзгертуге қатысты пікір айтқандарға қарсы шығып, Ту мен елтаңбаны өзгертпеу керегін кесіп айтқан едім. Біріншіден, біздің елтаңбамыз әлемдік рейтингтегі ең әсем деп танылған. Рейтингте 9-шы орын иеленеді. Екіншіден, елтаңбамыз бүкіл қазақтың тарихын көрсетіп тұр. Көбі үстіндегі жұлдызға тиседі, ал ол қазақтың Темірқазығы, яғни қазақ халқының жұлдызы әркез биік болсын дегенді білдіреді", - дейді ол.
Сарапшы елтаңбаны өзгерту кімге керегін айтып, саяси астарына тоқталды.
"Жаңа Елтаңбаның авторы болғысы келетін сияқты... Бұл әсіре арабтық, хандық дәуірлерді аңсағандардың әрекеті деп ойлаймын. Біз Жаңа Қазақстан құруға бет алып жатырмыз, сондықтан Алтын Орданың ұрпағымыз, Шыңғысханның ұрпағымыз деп бос кеудемізді соға беруді қоюымыз керек. Нақты әрекетке көшіп, ғылымға көңіл бөлуге тиіспіз. Сол себепті Жаңа Қазақстан елтаңбамен өзгертумен емес, жүйені өзгеріспен құрылады. Мәселен, елтаңбаны өзгерту үшін мамандардың айтуынша, 4,5 триллион теңге қаржы керек екен. Бұл ақшаны су тасқынынан зардап шеккен халыққа бір ауыл салып беруге болады ғой? Сондықтан менің ойымша, елтаңбаны өзгерту мәселесін күн тәртібінен алып тастау керек. Жалпы, қазіргі елтаңбаға менің көңілім толады. Туымыз бен елтаңбамыз бір-біріне келісті жасалған. Көбі Кеңес одағының рәміздерімен салыстырып жатады, бұл қисынсыз пікір деп білемін", - деді Асылбек Баяжұма.
Саясаттанушы Риззат Тасымның айтуынша, Қазақстанның Елтаңбасы бірнеше кемшіліктерден тұрса да, аса ұқыппен әрі көркем талғаммен жасалған.
"Ол бейбітшілік, рухани игілік және халықтың өркендеуінің нышандарын көрсетеді. Рәміздің символикасы мемлекет дамуының интеграциялық векторын көрсетеді. Бірақ та Елтаңбаны жасау үшін геральдистер мен тарихшыларды тартпай, сәулетшілер тобы ғана жұмыс істегендіктен, одан бірқатар догматикалық қателерді де байқаймыз. Республиканың елтаңбасында да, туында да деструктивті жауынгерлік элементтер көрініс таппайтынын ескеру маңызды. Елтаңбадағы қателіктер кеңестік символизм мектебінің мұрасы ретінде кеңестік кезеңмен байланысты көрінеді. Беларусь Республикасының елтаңбасында да осындай қателіктер бар екенін атап өткен жөн. Қазақстанның геральдикасы енді ғана өркендеп, алғашқы сенімді қадамдар жасауда. Елтаңбаны қайта қарау мәселесін өзектендіруді қателерді іздеуге, түзетуге және символдық қабылдаудың бірыңғай стандартына сәйкестендіруге бағытталған табиғи процесс ретінде қабылдау керек.
Иә, кәсіби мамандар арасында Елтаңбаны өзгертуге қатысты әртүрлі пікірлер бар. Мемлекеттік рәмізді ауыстыру мәселесінің қаржылық жағы да алаңдаушылық туғызады. Нақты сомалар осы өзгерістердің көлемі мен орындалу тәсіліне байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Бастысы, Қазақстан жағдайында Елтаңбаны ауыстыру туралы ұсынысты талқылауды бұқара халық пен кәсіби қоғамдастықтың пікірлерін ескере отырып жүргізу, сондай-ақ түпкілікті шешім қабылдағанға дейін «дұрыс» және «бұрыс» жақтарын мұқият өлшеу маңызды", - деді Саясаттанушы.
Риззат Тасым бұл процесс әлемдік тәжірибеде қалай жүретінін айтты.
"Мемлекеттік елтаңба мемлекеттің ерекшеліктерін толық көрсетуі керек. Жаһандық әлеуметтік-мәдени өзгерістер кезінде символдардың өзгеруі табиғи құбылыс. Дегенмен, жаңа таңбаларды таңдау да мұқият болу маңызды. Бұл мәселеде біз бірнеше жолды таңдай аламыз. Олар - жаңа заманауи немесе архетиптік эмблеманы таңдау, не бұрыннан бар белгілер конгломератына тиісті өзгерістерді ғана енгізу.
"Әлемге зер салсақ, Латын Америкасы мемлекеттерінің өз ережелеріне сәйкес елтаңбалары құрылды. Кейбір елдерде, мысалы, Францияда және бұрын оның бодандығында болған мемлекеттерде егемендіктің символы Елтаңба емес, құр эмблема. Посткеңестік кеңістік елдеріндегі геральдика мәселелері де өзіне баса назар аудартады. Соңғы 30 жылда халықтық-генетикалық жадының өзгеруіне байланысты көптеген ТМД елдері 90-шы жылдары қабылданған қарама-қайшы рәміздерді өзгертті. Жалпы, мемлекеттік рәміздердегі елеулі қателіктер ТМД-ның барлық елдеріне тән, бірақ Грузия мен Беларусь сияқты мемлекеттер бұл қателіктерді түсініп, мемлекеттік рәміздерді өзгерту бойынша реформаларды сәтті жүргізді. Беларусь Кеңестік кезеңде елтаңбасына 6 рет өзгерістер енгізген, қазіргі тарихи кезеңнің өзінде елтаңбаларына 3 реттен астам өзгерістер енгізді. Украинада да жаңа мемлекеттік елтаңбаны енгізу процесі мемлекеттік рәміздер мен бірегейлік тұрғысынан ерекше орын алуда. Армения елтаңбасындағы геральдикалық сәйкессіздіктер 1992 жылдан бері талқыланып келеді. Арменияның Елтаңбасы бірнеше рет қайта қаралып түзетілсе де, түбегейлі және тарихи-саяси өзгерістер енгізілген жоқ. Яғни, белгілі бір дәрежеде мемлекеттік рәміздердің ауысуы ТМД-ның басқа елдерінде де өзекті болып отыр", - дейді сарапшы.
Саясаттанушы рәміздерді қайта қарау - эволюциялық процесс екенін айтады.
"Мәселен, Латвия - елтаңбаның кіші, орта және үлкен нұсқасы бар санаулы елдің бірі. Бұл мемлекеттің геральдикалық мәдениетінің жоғары дамуын көрсетеді. Соның өзінде, Латвияда мемлекет рәміздерін қайта қарау және пысықтау қажет, өйткені Республиканың елтаңбасында ұсақ кемшіліктер ғана болса, ал туы, жергілікті мамандардың айтуынша, Латвияның тарихи және этникалық негізіне сәйкес келмейді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік рәміздерді қайта қарау эволюциялық процесс, себебі мемлекеттің дамуы елдің негізгі рәміздеріне өзгерістер енгізуді талап етеді. Бұл жағдайда бастысы асығыстық танытпау қажет. Өйткені мемлекеттік елтаңбаны қайта қарау қажеттілігі мен формасы туралы мәселе мемлекеттің ресми рәміздерінде қандай тарихи және мәдени элементтер ұсынылуы керек екендігі туралы неғұрлым кеңірек пікірталасты қажет етеді", - деді Тасым.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!