Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Бейжің барлық елдің егемендік мәртебесін құрметтейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Channel NewsAsia-ға сілтеме жасап.
Мао Ниннің айтуынша, Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қытай екіжақты достық және ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамыту үшін әрқашан өзара құрмет пен теңдік қағидасын ұстанып келеді.
"Қытай барлық елдің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейді және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай алғашқылардың бірі болып тиісті елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты", - деді ол.
Ол Бейжіңнің аумақтық егемендікке қатысты ұстанымы әрқашан айқын екенін айтты.
"Кейбір БАҚ Қытайдың Украина мәселесіне қатысты ұстанымын дұрыс түсіндірмей, Қытай мен тиісті елдер арасында алауыздық туғызып жатыр. Біз бұл мәселе бойынша қырағы боламыз", - деді ол.
Еске салайық, Қытайдың Франциядағы елшісі бұрынғы кеңестік республикалардың егемендігіне күмән келтірген болатын. Тележурналист сұрағына жауап берген Қытай елшісі халықаралық құқық бойынша бұрынғы Кеңес Одағына мүше елдердің мәртебесі жоғын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!