- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елорданың іргесіндегі Тайтөбеліктер...
Елорданың іргесіндегі Тайтөбеліктер дабыл қақты
Елорданың іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Тайтөбе ауылында суға кетіп қалады деп қауіптенген тұрғындар шу көтерді. Тұрғындар ауыл тұтастай су астында қалуы мүмкін екенін айтып дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қауіп аса үлкен болғанымен су тасқынымен айналысып жатқан техника жоқ.
"Жақында ғана мұнда облыс әкімі Марат Ахметжанов келіп тапсырмалар жүктеп техника бөлген еді. Бірақ ол кеткеннен кейін жұмыстардың бәрі тоқтап қалды. Тайтөбе ауылының тұрғындары міне менің үйім суға кетті. Жанымдағы үй де суға кетті. Су міне асфальтқа келді. Таңертең пәлен камаз келеді деп айтып еді. Мұнда жөнді техника да келген жоқ. Үш камаз бен үш жүк тиегіш көлік қана жүр. Мынамен жұмыс бітпейді. Кешке дейін барлық үйді су басады", - деді тұрғындар.
Желіде наразылықтарын білдірген ауыл тұрғындары да Қосшы қаласы әкімдігінің жұмысын сын садағына алды.
"Жұмыстың дұрыс жүргізілмегені анық көрінді. Бәрі де былыққа батып жатыр", "Облыс әкімі барлық ресурстарды берді. Енді тек жұмыс істеу керек", "Сіздер жұмыс істейсіздер мен әлде көзбояушылықты жалғастырасыздар ма? Бірдеңе болса есеп үшін суретке түсіресіздер. Ал іс жүзінде түк жұмыс істелмеген", - деп жазды тұрғындар.
Қосшы қаласының әкімдігі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып ақталмақ болды.
"Аталған үйлерден суды сорып алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін өрт сөндіру сору стансасы орнатылды. Сонымен бірге 4 сәуірде үйге кіру үшін қиыршық таспен аталған үйге жол салынды", - деді Қосшы қаласы әкімдігінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz