- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елордалықтар медициналық сақтандыру...
Елордалықтар медициналық сақтандыру қорына қанша жарна аударды?
Медициналық сақтандыру жүйесі – медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімділігінің кепілі.
Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 30 маусымы аралығындағы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 23 млрд теңгеден асады. Бұл республика бойынша түскен 186,2 млрд теңге көлеміндегі сақтандыру жарнасы мен аударымдарының 12,4 %-ін құрайды.
Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Нұр-Сұлтан қаласы медициналық сақтандыру жарналары - аударымдары бойынша Алматы қаласынан (20,8%) кейін екінші орында келеді, ал үшінші орында - Қарағанды облысы (8,2%).
"Медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер белсенді атсалысуда. Яғни медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарының қомақты бөлігі – 1,105 млрд теңге (99,67%) дәл осы жұмыс берушілерге тиесілі, ал 3,7 млн теңге (0,33%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтардан түскен жарналар", - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. Соған сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.
Massaget