Елордалық зейнеткер әкімдіктің кесірінен көшеде қала жаздады

Елордалық зейнеткер әкімдіктің кесірінен көшеде қала жаздады
Фото: Midjourney

Жалғыз баспанасынан айырылған қарт өз құқығын сотта қорғауға мәжбүр болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, елорданың 66 жастағы тұрғыны ұлымен бірге 1993 жылдан бері жатақхана бөлмесінде тұрған.

"1999 жылы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жатақхана бөлмелерін жекешелендіру үшін берілген мемлекеттік тұрғын үй қорының тізіміне енгізді. 2023 жылы әкімдік жатақхананы авариялық үй құрылысы ретінде реквизициялау бойынша мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады деп таныды. Сол жылы әкімдік комиссиясы астаналық әйел мен ұлына құқық белгілейтін құжаттардың болмауына байланысты жаңа тұрғын үй беруден бас тартып, тұрғын үйді босату туралы хабарлама жіберді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сотқа жүгінген қарт әйел өз құқығын қорғай алды. Сот шешімі бойынша әкімдікке оған және оның ұлына балама тұрғын үй беру міндеті жүктелді. Алайда әкімдік заңгерлері бұл шешімге жоғары тұрған органдарға шағымданды. Нәтижесінде іс Жоғарғы сотқа жетті.

"Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарағаннан кейін 1993 жылы даулы бөлме жұмыс орнында талапкерге берілгенін, ол 19 жылдан астам уақыт бойы сол жерде тұрып, оны ұстау ауыртпалығын көтергенін көрсетті. Бұдан басқа, талапкердің меншік құқығында тұрғын үйі жоқ және жасы бойынша зейнеткер ретінде тұрғын үй алуға мұқтаж және тұрғын үй мәселесін өз бетінше шеше алмайтын халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жатады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Мұнда талапкердің бұзылған үй құрылысында 19 жылдан астам тұру дерегі расталған кезде құқық белгілейтін құжаттардың болмауы оған тұрғын үй беруден бас тартуға негіз болып табылмайды, өйткені мемлекет (мемлекеттік органдар) тұрғын үй мәселелерін шешуге өзге мүмкіндігі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті. Осыны ескеріп, іс бойынша бұрын шығарылған сот актілері күшінде қалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә