"Қазпочта" компаниясы қызметкерлерінің жұмысын жетілдіруді жалғастырып жатыр. Пошташылар велосипедтен кейін артық қағаздардан құтылу үшін ұялы телефондар алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Астана пошташыларына жаңа кәсіби киім, сөмке және ұялы телефон ұсынылды", - деп хабарлады "Қазпочта" АҚ баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, пошташының қағазбен жұмысын азайту үшін телефонға "Ходовик" атты арнайы бағдарлама орнатылған. Бұған дейін қызметкерлер газеттер мен журналдарды жеткізгеннен кейін бөлімшеге қайта келіп, квитанцияларды толтыруы қажет еді.
"Бүгіннен бастап почтальон "Ходовик" бағдарламасы арқылы "жеткізілді" деген белгіні қойып, ақпаратты автоматты түрде ортақ жүйеге жібереді. Осылайша қағазбен жұмысты азайтады. Бағдарлама бүкіл Қазақстан бойынша пошташылардың жұмысын нығайту үшін жаңарып тұрады", - деді "Қазпочта" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Байрам Азизов.
Жылдың соңына дейін керекті мекенжайды іздеу үшін "Ходовик" бағдарламасына GPS-навигатор енгізу және ақпараты күнделікті жаңартылып тұратын, келесі күннің жұмыс бағытын белгілеу үшін сұрыптау орталығымен интеграция жасау жоспарланып отыр.
Ал жаңа формаға келсек, киім сары және көк түсті, суға төзімді материалдардан тігілген. Сондай-ақ жеңдері мен шынтақтарында шағылдырғыш элементтері бар, ал арқасында "KAZPOST" жазуы белгіленген.
Еске сала кетейік, биыл шілдеде "Қазпочта" пошташыларды велосипедпне қамтамасыз еткен болатын.