Астаналық өрт сөндірушілер кез келген төтенше жағдайға сақадай дайын, – деп хабарлайды 24.kz сайты.
Бүгін тілсіз жауға қарсы мемлекеттік емес 6 мекеменің мамандары спорттық сайыстарда шеберлік байқасты. Құтқару арқанын байлап, қорғаныш киімдері мен құралдарды киіп, жылжымалы баспалдақпен жоғары қабатқа көтерілу. Өрт сөндірушілер аталған талаптарды жылдам әрі мүлтіксіз орындап, сайыс сынынан сүрінбей өтті. Тіпті қызметтік міндетінен мүдірмек түгілі, жоғары нәтиже көрсеткендер де бар. Жалпы, бұл жарыстың маңызы зор. Себебі өрт сөндрушілер кез келген төтенше жағдайға қасқайып, қарсы тұруы тиіс.
Қалалық ТЖД басқармасының бастығы Орал Әбдірахманов "Бұл сайыс алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін мемлекеттік емес мекемелер арасында шеберлік сыналатын сайыстар болмаушы еді. Енді оны республикалық деңгейде қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Негізі жарысқа бұдан да көп команда қатысуы керек еді. Дегенмен құтқарушылар жауынгерлік дайындықтарын шыңдай алды. Енді кез келген қауіптің бетін қайтаруға әзір деуге болады. Жалпы, елордада өрт қауіпсіздігін қадағалайтын 18 коммерциялық мекеме бар. Оларға кәсіби мамандармен бір деңгейде тілсіз жауды ауыздықтау" дейді.