- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елордалық ҚХА «Біз...
Елордалық ҚХА «Біз біргеміз!» акциясын қолдады
Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы және этно-мәдени бірлестік өкілдері «Біз біргеміз!» акциясын қолдап, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде, сонымен қатар, қала тұрғындары үшін онлайн жобаларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Наурыздың 20-сы мен 26-сы аралығында «Біз біргеміз!» акциясы шеңберінде Қазақстан халқы ассамблеясының қалалық филиалы аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен егде жастағы азаматтарға көмек көрсетті. «Парасат» қайырымдылық ісін үйлестіру орталығы 15 көпбалалы отбасыға 150 мың теңгеге қажетті заттармен жәрдемдесті.
«Наурыз мейрамы қарсаңында «Жаңғыру» неміс қоғамы егде жастағы жалғызбасты азаматтарға 100 азық-түлік жиынтығын табыстап,дәрі-дәрмек сатып алуға 1,2 млн. теңгеге ақшалай өтемақы берді. ҚХА еріктілері зейнеткерлерге дәрі-дәрмекті жеткізіп, медициналық маска тарату акциясына белсенді қатысты. ПИК-термен бірге қаланың тұрғын үйлерінің подъездерін зарарсыздандыруға атсалысты. «Біз біргеміз!» акциясы аясында қалалық ассамблея мүшелері 4 млн, 898 тыс теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті», – деді Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА.
Бұдан бөлек, «Қырғызстан – Астана» штабының мүшелері елордада тұратын көпбалалы мигранттардың отбасыларына көмек көрсетті. Оларға азық-түлік, балалар тағамы, балаларға арналған гигиеналық заттар жеткізілді. Барлығы 35 азық-түлік пакеті таратылды.
Қазіргі уақытта елордалық ҚХА онлайн режимде жұмыс жасауда. «15 сәуірде «Zoom» платформасында «Мәміле» қазақ тілі клубының «Сіз бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» тақырыбында онлайн сабағы өтті.
Этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелерімен Гүлсезім Әділбекқызы сабақ өткізді. Демалыс, мәдениет пен тіл туралы әңгімені шешен-ингуш, ұйғыр, өзбек, еврей және басқа да этномәдени бірлестіктердің өкілдері қолдады», – делінген Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА хабарламасында.
Н. Үсенова