Бүгінгі таңда қала бойынша 80 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, бөлімшеде күндізгі ауысымда 10 диспетчер, түнгі ауысымда 12 диспетчер жұмыс істейді. Күн сайын әр маман 150-ге жуық қоңырау қабылдайды. Жалпы алғанда орта есеппен 2-2,5 мың өтініш келіп түседі. Оның 1,5 мыңы бойынша науқастың үйіне барып, жәрдем көрсетіледі. Мамандарға бағытталған қоңыраулар дер кезінде қабылданып, қажетті кеңестер беріледі.
Қала бойынша әр ауданда 18-20 бригада жұмыс істейді.
Шақыру келгеннен кейін кезекші маман алдын-ала медициналық анықтама жасайды. Содан кейін оны қайда бағыттау керектігі туралы шешім қабылданады. Егер бригаданы науқасқа жіберу туралы шешім қабылданса, оған кететін уақыт есептеледі.
Шақырту бригадаға бағытталғаннан кейін, мамандар медициналық жабдық пен медициналық қораптың жағдайын тексереді. Дәрілердің тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді және медициналық көмектің кез келген түрі үшін бірдей қарастырылады.
Фельдшер мен дәрігердің киімінде айырмашылық болады. Егер коронавирус жағдайына қатысты болса, бригадаға арнайы қорғаныс костюмі беріледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін қорғаныс костюмдері бөлек бөлмеге шығарылып, жойылады. Оған маска, көзілдірік, қолғап, бахилалар мен халат кіреді.
Егер шақыру штаттық жағдай бойынша болса, бір реттік қорғаныс костюмі талап етілмейді.
Станцияға келгеннен кейін машина және ондағы жабдықтар, орындықтар дезинфекциялық ерітіндімен мұқият тазартылады.