«25 игі іс» акциясы шеңберінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді. М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Қазақстан аруы-2016» байқауының финалына шыққан сұлулар 50 балғынға жылы киім тарту етті, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Шараның басында балаларға алдағы мерекелермен құттықтау және ізгі тілектер айтылды.
«Сендерге әрқашан оптимист болуды тілеймін, өмірлерің ешбір жағдайға қарамастан жарқын болсын, оқуларыңда табыс, адал дос тілеймін», - деп мәлім еті «Дар» Қоғамдық қорының әлеуметтік жобалар үйлестірушісі Рустам Ибрагимов.
Содан соң еліміздің ең сұлу арулары балаларға сыйлықтар таратты. Ал Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары қонақтардың алдында өнер көрсетіп, жақсы көңіл күй сыйлады.
Оқушылар сарайының жас сәнбикелері байқау қатысушыларына өз өнерлерін паш етті.
«Бізді өте жылы қабылдады, бәрі керемет болды, балалардың бәрі дарынды екен, барын салып жатыр, рахмет. Ең бастысы, өмірлеріңде арман, мақсат болсын, әрбірің осы өмірде жетістікке жетіңдер деп тілеймін, үлкен адам болуларыңа тілектеспін», - деді «Алматы аруы» Камила Асилова.