Елордадағы LRT екі аптада 1 миллион жолаушы тасымалдады

Елордадағы LRT екі аптада 1 миллион жолаушы тасымалдады
Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Куандыкова

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында LRT жұмысының алғашқы қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, іске қосылғаннан бері екі апта ішінде жаңа көлік түрімен 1 миллион жолаушы қатынаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала басшысының мәліметінше, күн сайынғы жолаушылар легі шамамен 65-75 мың адамға жетеді.

Әкім бұл көрсеткіш елорда тұрғындары мен қонақтары арасында қалалық рельсті көліктің жаңа түріне сұраныс жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

"LRT-ны белсенді пайдаланғаны, жаңа көлік жүйесіне сенім білдіргені және инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарағаны үшін барлық жолаушыларға алғыс айтамын", – деді Қасымбек астаналықтар мен қала қонақтарына.

Оның сөзінше, қазір билік LRT-ның Қосшы бағытына қарай екінші кезеңін іске асыруға кіріскен.

Еске салайық, 16 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада LRT қозғалысына ресми түрде старт берген еді. Сондай-ақ Президент ресми іске қосылғаннан кейін LRT-ның алғашқы жолаушысы болғаны хабарланған. Ол пойызбен бірнеше станция жүріп өтті.

Бұған дейін Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Астанада LRT-ның тағы бір желісін салу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Жаңа желі 20 станцияны қамтуы мүмкін.

Кеше Қазақстанның Көлік министрлігі LRT жолаушыларының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нұсқаулық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget