Нұр-Сұлтанда көшеге түкірген тұрғындар бейнебақылау камералары көмегімен анықталып, жазаланады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарламасында айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары көшеде түкіргендерге жазаны қатаңдатып, оларды бейнебақылау камералары көмегімен анықтап, жазалауды ұсынды.
"Тәртіпбұзушылар автокөлік нөмірлері бойынша анықталады. Бұл шаралар тәртіпбұзушылық санын азайтады. Көшеде және қоғамдық орындарда түкіруге және қоқыс тастауға тыйым салынады. Тәртіпбұзушылар жауапкершілікке тартылады, әкімшілік айыппұл салынады. Көшеде және қоғамдық орындарда түкіру қаланың көркін бұзып қана қоймай, түрлі бактерия таралуына себеп болуы мүмкін", - дейді әкімдіктегілер.
Қала әкімшілігі мұндай заңбұзушылықтарға куә болған тұрғындар құқық қорғау органдарына хабарласа алатынын атап өтті. Оны растау үшін заңбұзушылықтың сурет немесе видеосын қоса жолдау қажет.
"Бірлескен жұмыс арқылы ғана қала тазалығын сақтап, коммуналдық қызметшілер жұмысына құрметпен қарауға болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын мәдениет пен мінез-құлықтың қарапайым нормаларын сақтауға шақырамыз", - деп түйіндеді әкімдік өкілдері.
Жігіттіктің көрінісі ме? Неге қазақстандықтар көшеде түкіреді?