Алдағы демалыста Астанада Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Елордалықтар өңірлердің мәдениетімен етене танысады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
8-9 қазанда ШҚО ауыл шаруашылық жәрмеңкесі «Хан шатыр» сауда ойын сауық орталығының жанындағы тұрақ алаңында өтеді. Облыстың тауар өндірушілері 300 тонна өнім әкеледі, барлығы 57 сауда орны жасалады.
Қала әкімдігінің алдында өтетін Қарағанды облысының жәрмеңкесінде 840 тонна өнім өткізіледі, 60 сауда орны жасалады. Шара барысында облыстық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт және «Бауырсақ, қымыс фестивалі» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Шеберлер ауылы» сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашыладып, қала тұрғындары мен қонақтары зергерлік өнер, көркем тоқымашылық және қыш-құмыра шеберлігі бойынша шебер-сыныптарына қатысады.
8 қазанда сағат 12.00 - ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында Қарағанды облысынан «Сарыарқа кітапханасы» 100 томдығын сыйға тарту салтанаты, Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер-көрмесі және Қарағанды облысы суретшілерінің «Сарыарқаның сырлы бояулары» атты көрмесі өтеді.
Сағат 18.30 Оқушылар сарайында С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклінің қойылымы көрсетіледі.
9 қазанда сағат 11.00 Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Қарағанды облысының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері көрмесі ашылады, «Нұр Әсем» сән үйінің ұлттық киімдер жинағы көрсетіледі. Ал сағат 16.00 Қарағанды облысы өнер майталмандарының гала-концерті көпшілік назарына ұсынылады.
8 қазанда сағат 9.00 «Көрме» орталығында ШҚО археологиялық артефактілер көрмесі, сағат 10.00 ҚР Ұлттық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Үлкен жолдың кезеңі» фотокөрмесі өз жұмысын бастайды. Сонымен қатар, сағат 10.30 «Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портреттерінің ерекшеліктері» атты бейнелеу өнері көрмесі ашылады.
Сағат 15.00 ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Тәуелсіздіктің жарқын жетістіктері: Шығыс Қазақстан» кітап көрмесі өтеді. Онда келушілер назарына тәуелсіздік жылдары экономиканың, әдебиеттің, мәдениет пен спорттың дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалар туралы кітаптар ұсынылады. Көрме аясында «Біздің Абай» электронды толық мәтінді кітапхана және «Қайым Мұхамеджанов» электронды библиографиялық көрсеткіші атты екі жобаның тұсаукесері өтеді. Бұдан басқа, сағат 15.00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Өскемен қаласының драма театры К. Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектаклін қояды. Сағат 18.30 «Жастар» театрында Семей қаласының Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театрының Ф.М.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» спектаклі көрсетіледі. Ал жәрмеңкеге келушілер екі күн бойы Ә. Қашаубаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының «Шұғылалы Шығыс» атты концертін тамашалайды.