Көпшілік тыңдау өткізу аясында елорданың қалалық мәслихат депутаттары Астанада сыртқы жарнама орналастыру тәртібі мен ережелерін сақтауға қатысты проблемалық мәселелерді көтерді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының, кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты. Тараптар бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, сыртқы жарнама орналастыру саласындағы бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар жасады.
Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, рейдтік іс-шаралар барысында бұзушылықтар анықталып, кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған ведомствоның мәліметінше, бүгінде Астанада 50 жарнамалық компания қызмет етеді. Бірақ «Сыртқы жарнаманы орналастыру туралы» заң талаптарын бәрі бірдей сақтамайды. Өрескел бұзушылықтарға жол беріліп, жарнамалар елорданың сәулеттік келбетіне сай келмей отыр. Депутаттар барлық мәселелерді ескере отырып, жарнама қызметін лицензиялау ережелерін енгізуді ұсынды. Бұзушылықтар тіркелген жағдайда, компания лицензиясынан айырылмақ.
Мұнымен қоса, жарнама мәтіндерінің мазмұнына, әсіресе қазақ тіліндегі аудармасына да ерекше назар аударылады. Тілдерді дамыту басқармасына жарнаманың идеологиялық және тәрбиелік мәнін естен шығармай, мағынасы мен аударманың сапасына қатаң бақылау жүргізу тапсырылды.
Көпшілік тыңдау қорытындысы бойынша елорда шегінде болашақта еліміздің барлық өңірлерінде қолдану мүмкіндігімен бірыңғай ережелер әзірлеу ұсынылды.