Елордада балалардың кешкі және түнгі уақыттағы қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіліп жатыр?

Елордада балалардың кешкі және түнгі уақыттағы қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіліп жатыр?
Фото: Астана әкімдігі

Астананың Нұра ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыс күшейтілді. Іс-шаралар "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында өтіп жатыр.

Профилактикалық іс-шаралар күндіз де, кешкі уақытта да жүріп жатыр. Аудан әкімдігінің мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғын үй кешендерінің аулаларын аралайды. Негізгі мақсат – балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу. Рейд барысында тұрғындарға, ата-аналармен және балаларға түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Ата-аналарға кішкентай балаларды ашық терезесі бар бөлмеде немесе маса торының жанында қараусыз қалдырудың аса қауіпті екені ескертіледі. Сонымен қатар тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылады.

Кешкі сағат 23:00-ден кейін профилактикалық жұмыстың форматы өзгереді. Осы уақыттан бастап аудан көшелеріне аудан әкімдігі мен полиция басқармасының қызметкерлерінен құралған түнгі патруль шығады. Оның мақсаты – жасөспірімдердің құқығын қорғау және олардың ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүруінің алдын алу.

"Рейдтің басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу. Сонымен қатар бұл жасөспірімдердің заңсыз немесе қауіпті жағдайларға тап болуына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді", – деді Нұра ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Сабитов.

Түнгі рейдтер жастар көп жиналатын орындарда өтеді. Компьютерлік клубтар, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар мен аулалар тексеріледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына тыйым салынады. Ал ойын-сауық орындарына ересектердің еріп жүруінсіз кешкі сағат 22:00-ден кейін кіруге болмайды. Полиция мен әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл талаптар жасөспірімдердің еркіндігін шектеу үшін емес, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген.

Астана әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget