Астанада биіктігі 65 метрлік шолу дөңгелегі салынып жатыр. Оның жанында жалпы ауданы 41780 м2 құрайтын аквапарк пайда болады. Аталған нысандар 2017 жылдың шілде айында пайдалануға берілмек, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде «Думан» ойын-сауық орталығы ғимаратының бір бөлігін қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданы 6,3724 га жерде аквапарк пен шолу дөңгелегі орналаспақ. Аттракцион 32 кабинадан тұрады, сондай-ақ, ауа баптау және жылыту жүйелерімен жабдықталады. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарына қаланың көркін жыл бойы тамашалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, төрт аса жайлы кабина жасалмақ. Аттракцион тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Бұдан басқа, аквапарктің өткізу қабілеттілігі жылына 240-250 мың адамды құрайды. Ойын-сауық кешенінде судағы аттракциондар, фудкорт және шешінетін орындар болады.